ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Алматыдағы SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері «ЖАМБЫЛ. ЖАҢА ДӘУІР» фильмінің түсірілім алаңында

29/11/2021

29 қарашада Алматыдағы SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері » Жамбыл. Жаңа дәуір» атты тарихи  фильмнің түсірілім алаңына барды. Оларға картина авторлары түсірілім алаңындағы декорациялармен таныстырып, экскурсия өткізді.

«Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи туындысы ұлы ақынның 175 жылдығына  арналған. Көркем фильм "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ қолдауымен түсіріліп жатыр.

Осы дүйсенбіде Алматыдағы SOS балалар ауылының 19 тәрбиеленушісі Алматы облысында түсіріліп жатқан көркем туындыға арнайы жасалған «Жамбыл ауылы» ауқымды декорациясын тамашалады. Сондай-ақ, балалар фильмдегі негізгі бір көріністің түсіріліміне куә болды.

"Жамбыл ауылына жасаған экскурсия маған ерекше ұнады. Декорация екенін түсініп тұрмын, алайда олар шынайы болып көрінеді. Бұл түсіріліп жатқан туындыны үлкен экраннан көруді асыға күтемін», – деп Алматы қаласындағы SOS балалар ауылының он алты жастағы тәрбиеленушісі Зухра Нәбиева өз әсерімен бөлісті.

Ал 15 жастағы Алена Пугачева: «Көп рақмет айтқым келеді. Маған, әсіресе, фильмді түсіру барысын, актерлардың образға қалай еніп жатқанын бақылау қызық болды. Сондай-ақ түсірілім кезінде  кедергі келтірмеу үшін тыныштықты мұқият сақтау қажет. Біз барынша тырыстық. Жалпы түсірілім тобы өте керемет, барлығы дерлік өз ісінің шебері екені көрініп тұр», - деп пікірін білдірді.

Балалардың «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілім алаңына жасаған экскурсиясы "Samruk-Kazyna Trust"әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылды. Алматыдағы SOS балалар ауылы – қордың қолдайтын жобаларының бірі.

 «SOS Алматы балалар ауылы» ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерге қамқор болып келеді. SOS-балалар ауылы – отбасын жоғалтқан балаларды оңалтуға арналған, бақытты балалық шақ пен ересек өмірге дайындау үшін қолайлы жағдай жасайтын  балалар үйлерінің баламасы.

 «Біздің ұйым балаларды дамытумен қатар, олардың қоғамда өз бетінше өмір сүруіне бейімдейді. Ол үшін түрлі тренингтер мен шеберлік сағатын өткіземіз. Балалардың бүгінгі фильмнің түсірілім алаңына баруы нағыз мерекеге айналды. Декорацияларды аралап, ескі көлікке отырып, киноның қалай түсірілетінін тамашалау оларға қызық болды», - деді Алматыдағы SOS балалар ауылының отбасылық көмекшісі Зульфия Жақсымұратова.

 «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем туындысының өндіріс жұмыстарымен «Мәдениет және шығармашылық бастамаларды қолдау қоры» қоғамдық қоры айналысады. Түсірілімнің алғашқы кезеңі биылғы жылдың қазан айында басталды. Бүгінде фильмнің 60 минуты түсірілген. Қараша айының соңына дейін қоюшы-режиссер Жандос Құсайынов тағы бірнеше көріністі түсіруді жоспарлап отыр. Осыдан кейін фильм түсірілімі  уақытша тоқтатылып, 2022 жылдың көктемінде қайта жалғасады.

Добавить комментарий