ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Шексіз мүмкіндіктер. Ақтауда әлеуметтік кәсіпкер «ерекше» балаларға арналған би студиясын ашты

05/11/2021

Даун синдромы мен церебральды сал ауруы бар балаларды қалай дамытуға болады? Бұл сұраққа жауапты үш жылдан бері «ерекше» және нормотипті балалар, сондай-ақ ересектер еш қысылмай, еркін билей алатын шағын студияны ашқан Ақтау тұрғыны Лаура Асырова біледі.

Оның шабыттандыратын оқиғасы – басқаларға көмектесуді армандайтын барлық қамқор адамдарға үлгі бола алады.

«Мүмкіндігі шектеулі балалар бірінші рет сабаққа келгенде, олар өздерін сенімсіз ұстады, сөйлеспеді, залға кіруден қорықты, үлкен айналар мен өз көріністерінен қорқып, тек ата-аналарымен биледі. Біз оларды ашуға, еркін етуге көп күш жұмсадық. Үлкен еңбек арқасында біз жетістіктерге жеттік – балалар өздерін еркін, сенімді сезіне бастады. Олар менің қозғалыстарымды оңай қабылдап, ата-аналарынсыз және бір-бірімен билей бастады. Мысалы, менің бір оқушым басында бұрылып, кетіп қалды, тіпті сабаққа қатысқысы келмеді. Алайда, қазір аталған оқушы көшбасшы болып, басқа балаларға жаттығуды өзі өткізуді сұрайды», - дейді ол.

Хореограф тұрақты сабақтардың арқасында балалар тіпті студиядан тыс жерлерде де өздерін еркін сезіне бастағанын айтты:

«Церебральды сал ауруы және Даун синдромы бар балалар көбінесе үйде отырады. Бірақ біздің сабақтарымызға қатысу үшін олар аптасына бірнеше рет сыртқа шығуы керек. Студияға жету үшін олар көлікпен, қоғамдық көлікпен немесе жаяу жүруі керек. Басында бұл сапарлар олар үшін қиын болды, бірақ уақыт өте келе жағымды әдетке айналды. Менің шәкірттерім бейтаныс адамдардан «үркуін» тоқтатып, адамдарға, белсенді қалалық қозғалысқа үйреніп, әлеуметтенуге қадам жасады».

Лаура Асырова - кәсіби хореограф, Мәскеуде Практикалық психология және психоанализ институтында «Би және қозғалыс терапиясы» бағытында білім алды. Оның арманы әрқашан би студиясын ашу болды.

Уақыт өте келе Лаура сабақ беріп, әртүрлі мүмкіндіктер іздегеніне қарамастан, оның сүйікті ісі тек хобби болып қала берді. Өз қызметінде ол «ерекше» балаларды тегін оқытуға тырысып, демеушілерді тартты. Бірақ қаржыландырудың тұрақсыздығына байланысты сабақтар тұрақты болмады.

Алайда, 2018 жылы оның армандаған тілегі шындыққа айналып, ол әлеуметтік кәсіпкер атанып - инклюзивті мәдени-демалыс кешенін ашты. Кешенге би студиясы мен теңіз жағалауындағы алаң кіреді. Жылы мезгілдерде теңіз жағалауындағы алаңда өнердің әртүрлі салаларынан шеберлік сыныптары өткізіледі.

Бұл «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры жүзеге асырып жатқан қазақстандық әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған «Әрекет» жобасының аясында мүмкін болды.

«Әрекет» - бұл жарты миллионнан үш миллион теңгеге дейінгі гранттар байқауы. Үш жыл ішінде 120 коммерциялық емес ұйым пайдалы қоғамдық бастамаларға серпін беретін жобаларға гранттар жеңіп алды.

Жобаға қатысудың екі басты шарты бар - жобалар әлеуметтік мәселелерді шешуі және гранттың ақшасы пайдаланылғаннан кейін де кәсіпкерлік қызметін еркін жалғастыра алуы шарт.

Біздің кейіпкеріміздің арманы екі шартқа да сәйкес келді. Лаураның мысалы әлеуметтік кәсіп тұрақты және табысты бола алатынын дәлелдеді. Бұл ретте қызметтер бұрынғысынша қолжетімді: «ерекше» балалар үшін оқыту құны айына небәрі 5 мың теңгені құрайды, нормотиптік балалар үшін – 8, ал ересектер үшін – 12.

Қазір Лаура Асырова өз жобасын кеңейтуге – басқа шағын ауданда студия ашуға, сондай-ақ жағажайда алаңның көлемін екі есеге арттыруға ниетті. Сондықтан ол «Әрекет» бағдарламасына қайта қатысуға шешім қабылдады.

Кәсіпкер іріктеудің бірінші кезеңінен өтті. Енді ол және басқа да қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік, маркетинг, қаржы және бизнестің заңдық аспектілері саласындағы оқыту бағдарламаларының бірін онлайн режимінде «Инкубатор» немесе «Акселератор» бағдаламалары арқылы өту мүмкіндігіне ие болады. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда үлкен тәжірибесі бар сарапшылар қатысушыларды алты апта бойы оқытады. Сабақтар қарашаның үшінші онкүндігінде басталады.

Білім беру бағдарламалары нәтижесінде әлеуметтік кәсіпкерлер өздерінің идеяларын ұсынып, комиссия мақұлдаған жағдайда іске асыру үшін гранттар жеңіп алады.

«Әрине, грант менің жобамды кеңейту бойынша барлық шығындарды жаба алмайды. Бірақ егер бәрі ойдағыдай болса, мен би студиясына қажетті жабдықтарды сатып ала аламын. Сонымен қатар, біз бейнелеу өнері сабақтарын – арт-терапияны ұйымдастырғымыз келеді, бұл балаларға оңалтуға көп көмектеседі», - деп түсіндіреді ол.

Біздің кейіпкеріміз би студиясы өз аймағындағы «ерекшеліктері» бар балалар үшін ерекше мүмкіндік екеніне сенімді.

«Ақтау осындай бейімделген үйірмелер мен алаңдарға мұқтаж. Ал біздің балаларымыз қолдауды қажет етеді. Балалар өздерін еркін сезініп, шығармашылық қырынан ашып жатыр. Менің ойымша, бұл тек бастамасы ғана. Мүмкіндіктерде шектеу жоқ».

Добавить комментарий