Спорт барлығы үшін: Жаңаөзенде, Өскеменде және Атырауда «ерекше» балаларға арналған секциялар ашылды
01/11/2021
Қазан айында Қазақстанның үш қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімделген спорт секциялары өз есігін ашты. Енді Жаңаөзенде, Өскеменде және Атырауда «ерекше» балалар арнайы оқытылған жаттықтырушылармен спортпен тегін айналыса алады.
Секциялар «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Мир равных возможностей» ҚҚ іске асыратын «Саламатты болашақ» жобасы аясында ашылуда. Енді жоба Қазақстанның 16 қаласында 700-ден астам баланы қамтиды.
Барлық үш қалада паралимпиадалық спорт түрі бочча секциясы, Жаңаөзенде және Өскеменде адаптивті жүзу секциясы, ал Атырауда адаптивті футбол секциясы жұмыс істейді.
Ашылу кезінде қатысушылар үшін бочча бойынша ашық мастер-класстар өткізілді. Бочча - бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға физикалық қабілеттерін ғана емес, сонымен бірге стратегиялық ойлауын да дамытуға көмектесетін ойын түрі. Қазіргі уақытта бұл спорт түрі Қазақстан үшін жаңалық болғанымен, оның қарқынды дамуы мен танымалдылығы жақын арада Қазақстанның Паралимпиадалық құрамасы үшін резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Менің қызым боччаға қатты қызығушылық танытты. Өйткені, бұл паралимпиадалық спорт түрі, демек, спорттық мансапты дамытуға мүмкіндік бар. Айдана 15 жаста. Ол БЦП және мүгедектер арбасымен жүреді. Басқа спорт түрлері бізге мүлдем сәйкес келмейді, ал боччада БЦП ауыр түрлерімен де спортшылар ойнайды. Біздің «ерекше» балаларымыздың қарым - қатынас шеңбері кеңейеді, өзіне деген сенімділік пайда болады және өмір жаңа әсерлер мен қуанышты оқиғаларға толы болады деп үміттенеміз», - деп Жаңаөзенде жаттығуларға жазылып қойған жасөспірім қыздың анасы Феруза өз ойымен бөлісті.
Адаптивті жүзу және футбол адаптивті дене шынықтырудың бір түрі бола отырып, тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарды тиімді физикалық оңалтуды, олардың әлеуметтенуін және қоғамға кірігуін қамтамасыз етеді.
«Біздің мақсатымыз - денсаулығы немесе психикалық дамуы бұзылған балалардың қоғаммен араласуы үшін жағдай жасау. Спорт ерекше балаларды ынталандырады және оларға жеңіс қуанышы мен жеңілістің ащы дәмін сезінуге мүмкіндік береді. Ал нормотипті балаларға мейірімділікті, түсіністік пен толерантты қарым - қатынасты дарытуға көмектеседі», - дейді «Саламатты болашақ» жобасының жетекшісі, «Мир равных возможностей» ҚҚ директоры Нұргүл Ұлжекова.
«Айта кету керек, секциялардың аясында біз 68 қазақстандықты жұмысқа орналастырдық, олардың үшеуі – мүмкіндігі шектеулі адамдар, ал сегізі – «ерекше» балалардың ата-аналары. Бұл жобаны іске асыруға 2018 жылдан бастап біздің Қор 170 миллион теңгеден астам қаражат бөлді», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Бас әріптес қолдауы жоба жаттықтырушыларын жалақымен, адаптивті дене шынықтыру бойынша оқытумен, оқу-әдістемелік сүйемелдеумен және арнайы спорттық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Соынмен қатар, «Саламатты болашақ» жобасы аясында бейімделген спорт саласында білім беру арқылы кадр тапшылығы мәселесі шешілуде. Жоба әкімшілері Қазақ спорт және туризм академиясының «Бейімделген дене шынықтыру және спорт» элективті курсы аясында оқу құралын әзірлеп, енгізуге көмектесті. Қазақ туризм және спорт академиясында және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Бейімделген дене шынықтыру және спорт» бағыты ашылып, оны аяқтаған соң нарыққа бейінді білімі бар мамандар шығарылатын болады.
Добавить комментарий