Хобби және қолдау. Елордалық 2750 бала қосымша білім ала алады

10/09/2021

Елордада әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған «Замандас» аула клубы ашылды. Орталықтың барлық қызметтер тегін ұсынылатын болады.

Клуб №55 орта мектеп базасында құрылып, қалададағы «Замандас» клубтарының алтыншысы болды. Осылайша, бастама 2750 баланы қамтыды. Жаңа «Замандаста» оқушылар қосымша білім алып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Орталықта 8 үйірме жұмыс істейді: арт-терапия, хореография, шахмат, каратэ, музыкалық (домбыра), тоғызқұмалақ, ағылшын тілі курстары, қазақша күрес.

Ата-аналар «Бақытты отбасы» клубына бара алады. Клубта отбасында қолайлы жағдай жасауға және ересектер мен балалар арасындағы өзара түсіністікті қолдауға бағытталған тренингтер мен кеңестер ұйымдастырылады.

«Алғашқы клуб құрылғаннан бері 10 жыл бойы біз оқытудың жаңа интерактивті әдістерін қолданамыз. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдерді қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасалған. Біздің басты міндетіміз – бақыт аумағын құру – балаларға деген шынайы махаббат пен қамқорлық көрсетілетін, көңіл бөлінетін орын. Ересектер осындай атмосфераны құрған кезде баланың өзі жаңа шыңдарды бағындырады», - деп атап өтті «Замандас 21» Қоғамдық қорының директоры Ләззат Алшынова.

«Барлық ата-аналар балаларының сүйікті хоббиімен айналысуын, дамуын және бос уақытын тиімді өткізуін қалайды. Әрине, қазақстандық отбасылардың барлығы бірдей секциялар мен қосымша сабақтарға қатыса алмайды. Біз  аталаған отбасыларды қолдауға мүмкіндігіміз бар екеніне қуаныштымыз. Елордалық бес «Замандас» клубында қазір 2 500-ден астам бала айналысады. Жаңа клуб тағы 250 бала үшін мүмкіндіктер ашты. «Замандас» тәрбиеленушілерінің көпшілігі бос уақытында клубқа барып қана қоймай, үлкен жетістіктерге жетті – республикалық чемпионаттарды жеңіп алды, спорт кандидаты және шебері атанды, шығармашылық конкурстар мен жарыстарда жеңіске жетті. Біз бұл армандардың шындыққа айналғанын мақтан тұтамыз», - деп атап өтті бастаманы қолдаған «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.

«Айта кету керек, бұл «Замандас» клубының елордалық «Байқоңыр» ауданындағы үшінші филиалы. Бұл - біздің ауданымыздың ең алыс аймағындағы балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жақсы мүмкіндік», - деп атап өтті «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің өкілі Ерлан Жаулыбаев.

№ 55 орта мектепте оқитын балалардың анасы Гүлсара Бұхарбаева:

«Бұл клуб біз үшін өте маңызды. Енді біздің балаларымыз сабақтан кейін үйірмелерге бара алады. Балалар өз энергиясын дұрыс арнаға – спортқа, өнерге, зияткерлік ойындарға бағыттай алады. Менің ойымша, мұндай орындар әрдайым қажет және біздің балаларымызда осындай мүмкіндік туындағанына қуаныштымын».

«Замандас» отбасылық аула клубында секциялар мен үйірмелерінде көптеген балалар оқиды. Орталық тәрбиеленушілерінің бірі - Рамазанова Зиада:

«Мен «Замандас» аула клубы аясындағы үйірмелерге қатысып жүргеніме 8 жыл болды. Мұнда біз театр үйірмесінде қойылымдар қойып, пікірталас ойындары мен шығармашылықпен айналысамыз. Біз орталықта достық пен жылуға толы атмосферада көп уақыт өткіземіз. Мен бұл клубты өте жақсы көремін. Орталық бізге жылы естеліктер, жаңа достар, жақсы тәрбие және көптеген мүмкіндіктер берді. «Замандас» - біздің екінші үйіміз».

Клуб мүшесі атануға өтінім беруге, сондай-ақ «Замандас» туралы толық ақпаратты zamandas21.kz сайтынан табуға болады.

 

Comments are closed.