200-ден астам ерекше бала ойыншықтар дүкеніне сыйлық сертификаттарын алды

08/01/2021

Жаңа жыл қарсаңында Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында тұратын АСБ (аутизм спектрінің бұзылуы) диагнозы бар балаларға сыйлықтар табыс етілді. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 203 ерекше бала «Симба» балалар дүкенінде пайдалана алатын сертификаттарға ие болды. Жоба «Zhas Urpaq Inc» Қоғамдық қорының бастамасымен және «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

 «Жаңа жыл - балалар үшін ерекше мереке екені баршаға мәлім. Қауіпсіздік шараларын сақтау талаптарына байланысты биыл біз отбасыларды жинап, шара өткізе алмадық. Бірақ бұл балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға және оларды қуантуға кедергі келтірмейді», - деп бөлісті жоба жетекшісі Жұлдыз Сатимова.

Сыйлық сертификаттарымен 1,5 жастан 14 жасқа дейінгі ерекше балалар қамтылды. Әр баланың жасына және қызығушылығына байланысты өз қажеттіліктері бар. Енді ата-аналар балаларының қалауын ескере отырып, сыйлықтар ала алады. Сыйлықтармен қамтылған ерекше балалар «Zhas Urpaq Inc» қоры жүзеге асыратын «Zhas Urpaq» жобасының қатысушылары болып табылады.

 «Биылғы жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ. Біз балаларға жаңа жылға сыйлық жасай алмаймыз деп уайымдап едік. Бірақ орталық мамандары бізге сыйлық алуға сертификат берілетінін хабарлап, бізді қуантты. Балаларға үміт пен қуаныш сыйлағаныңыз үшін, ғажайыпқа сенуге шабыттандырғаныңыз үшін рахмет», - дейді ерекше баланың анасы Тәуекелова Самал.

«Zhas Urpaq» жобасы аясында әр түрлі диагнозы бар балалар түзету-дамыту балабақшасы мен орталығында білікті мамандардан кешенді педагогикалық көмек алады. Осы жоба шеңберінде жұмыс істейтін мамандар өз білімдерін халықаралық деңгейде шыңдап, әр жолы өз тәжірибесін жетілдіріп отырады. Олар балаларға қоршаған ортаға тез бейімделуге және қоғамның толық мүшелері болып қалыптасуларына көмектеседі.

Comments are closed.