Қазақстандық КЕҰ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы трендтер мен кедергілерді талқылады

06/02/2020

Алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлер көптеген тәжірибе жинақтады, бірақ сонда да жобаларды іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге кедергі келтіретін кейбір қиындықтарға тап болды.

Осы мақсатпен «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры коммерциялық емес ұйымдарда туындаған қиындықтарды шешуге көмектесу мақсатында қаржы, тауар сапасын басқару және ықпалды бағалау, сондай-ақ PR және маркетинг саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен үш күндік оқу семинарын ұйымдастырды.

«Білім беру семинары – «Әрекет» жобасының кезеңдерінің бірі. Біз үшін грант алушыларды қолдау және оларға өз жобаларын іске асыруда қиындықтарды жеңуге көмектесу маңызды. Біз оларға барынша практикалық білім беріп, сарапшылардан тікелей кеңес алуына мүмкіндік бергіміз келеді. Осындай воркшоптан кейін кейбіреулер мәселені басқа қырынан зерделеп, өз тәсілін қайта қарауы олар үшін жобаларды іске асыруда жаңа серпіліс болады», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі  Мирас Іргебаев.

Мәселен, КЕҰ-ның кейбір өкілдері фандрайзинг саласында білім жетіспейтінін айтса, басқалары - стратегиялық жоспарлау және қаржыны басқару саласында тәжірибе жинақтағысы келетінін айтты.

«Just support» Жеке қорының жетекшісі Светлана Богатырева әлеуметтік кәсіпкерлікке көшу барысында ойлауды қайта құру және КЕҰ ретінде емес, кәсіпкер ретінде ойлауды бастау өте қиын екенін мойындайды.

«Бизнес пен КЕҰ - бұл әлемді және жұмысты ұйымдастырудағы екі түрлі әдіс. Бізде әлеуметтік жобаларды іске асыруда тәжірибе болды, бірақ бізге бизнес-ойлау бағытына түсу өте қиын болды. Сондықтан осы семинар өте орынды. Үш күн ішінде біз өзіміз білмейтін маркетинг және сату құралдарын танып, практикалық дағдыларды алдық», - дейді  Светлана Богатырева.

Естеріңізге сала кетейік, «Әрекет» жобасының кезекті маусымы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында басталды. Бұл жоба Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдары арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға, оларды бизнес жүргізу дағдыларына оқытуға және кәсіпкерлік тәсіл арқылы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған. 2019 жылы Қазақстанның 25 КЕҰ 3 миллион теңгеге дейінгі көлемде грант алды.

Бүгінде «Әрекет» жобасы өз нәтижелерін көрсетіп отыр. Кейбір жобаларда мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналастырылды, ерекше қажеттіліктері бар балалар түзету және спорт орталықтарына баруға мүмкіндік алды, инсульт алған әйелдерге арналған бірегей оңалту орталығы ашылды.

«Әрекет» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

Пікір үстеу