Жаңаөзен қаласының медициналық және білім беру мекемелеріне жаңа автокөліктің кілті табысталды

22/11/2019

«Самұрық-Қазына» АҚ үш жаңа реанимобиль мен үш мектеп автобусын Маңғыстау облысына сыйға тартты. Білім беру мен медициналық мекемелерге автокөліктерді салтанатты табыстау рәсімі Ақтау қаласында өтті.

Жаңаөзен қаласының үш орта мектебі жайлы автобустарға ие болды, ол мектептерде 3 500-ден астам бала оқиды. Енді қаланың шалғай аудандарында тұратын оқушылар жаңа автобустарда оқуға барып келе алатын болады.

Жаңаөзен қаласының медициналық мекемелеріне арналған үш реанимобиль шұғыл көмек көрсетуге қажетті барлық жабдықтармен жарақталған. Оған реанимациялық және акушерлік жинақтар, өкпені жасанды желдету аппараттары, дефибрилляторлар және басқа да аспаптар кіреді.

Көлікті табыстау рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қатысты.

«Маңғыстау облысы - еліміздің ең ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Соңғы 5 жылда өңірде 46 жоба жүзеге асырылды. Ал бүгін, дәстүр бойынша, біз Жаңаөзеннің білім беру мен медициналық мекемелеріне реанимобильдер және мектеп автобустарын сыйға тартамыз», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

«Самұрық-Қазына» АҚ Маңғыстау өңірі тұрғындарының әлеуметтік деңгейін арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруда. Бүгін сыйға тартылған,  мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автобустар мен медициналық мекемелерге арналған реанимобильдер Қор жүзеге асыратын жобалардың кіші бөлігі болып табылады. Мен жаңа автокөлік алған мекемелерді шын жүректен құттықтаймын. Өз кезегінде, аймақ тұрғындарының атынан «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына және «Samruk-Kazyna Trust» Қорына үлкен алғысымды білдіремін», - деді Серікбай Трұмов.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Маңғыстау облысында 29 әмбебап спорт және ойын алаңдарын, оның ішінде 2-уі биылғы жылы орнатты, жаңа тренажерлермен «Алға» мүгедектер спорт клубы жабдықталды, Жаңаөзендегі 10 мектеп компьютер жиынтығына ие болды және бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылды.

Жақын арада өңірде екі түзету балабақшасын және бір туберкулезге қарсы балалар диспансерін арнайы жабдықтармен жарақтау бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Comments are closed.