Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша ақпараттық науқан іске қосылды #ItsAllAboutAbility

08/11/2019

«Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі #ItsAllAboutAbility ақпараттық науқанын іске қосты.

Балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері бүкіл әлемде өзекті болып табылады. Осы мәселеге, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды қолдауға, инфрақұрылым мен кедергісіз ортаны дамытуға назар аудару әр түрлі жолдар арқылы жүзеге асырылуда.

#ItsAllAboutAbility бастамасының мақсаты балалардың, әсіресе осал топтардан шыққан балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аударту, қолайлы орта құру және барлық балалардың спортпен шұғылдануы үшін олардың дамуы мен әлеуметтенуі үшін маңызды жағдай ретінде мүмкіндіктер жасау болып табылады.

Науқанды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам – «Астана-Ертіс» матчында ерекше қажеттіліктері бар балалардың футболшылармен бірге алаңға шығуы. Матчқа 12 «ерекше» бала қатысады. Олардың барлығы инклюзивті секцияларда Бейімделген дене шынықтырумен айналысады.

«Біз өз жұмысымызда «ерекше» балаларға көп көңіл бөлеміз. Бізде балалар үшін көптеген жобалар бар: аула клубтарын дамыту, БМС диагнозы бар балаларды оңалту, бейімделген спорт бойынша алғашқы балалар паралимпиадалық ойындарын өткізу. «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚБ-мен ынтымақтастықта бейімделген дене шынықтыру бойынша оқу құралы әзірленді, қазір оны білім беру бағдарламасына енгізу мәселесі пысықталуда. Бүгінде біз қоғамның, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың мүгедек балаларға арналған мейірімді ортаны құру жолында бірігуін қалаймыз. Біздің ақпараттық науқанымызға «Астана» футбол клубы қолдау көрсетті», - деді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі                  Мирас Іргебаев.

Мирас Іргебаевтың айтуынша, футбол науқанынан басқа Нұр-Сұлтан қаласының көшелері мен сауда орталықтарында «ерекше» балалардың толыққанды дамуына жағдай жасауға шақыратын көрнекі материалдарды орналастыру жоспарлануда.

Балалар құқығын қорғау жөніндегі ЮНИСЕФ бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерихина мүгедектігі бар балалардың спортқа және білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Мүгедектігі бар балалар стигма мен дискриминация алдында әлсіз, бұл көбінесе оқшаулауға алып келеді және оларды қоғамда «көрінбейтін» етеді. ЮНИСЕФ оқшаулауды жеңу үшін, сондай-ақ қызметтерге, оның ішінде білім беру мен спортқа тең қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Үкіметімен және серіктестермен ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Бүгін ЮНИСЕФ мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне назар аудару үшін #ItsAllAboutAbility науқанын іске қосуға қуанышты», - деп атап өтті Татьяна Адерихина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, #ItsAllAboutAbility науқанына кез келген ұйым немесе жай белсенді азамат қатыса алады. Ол үшін мүгедектігі бар немесе олардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастыру және оны әлеуметтік желілерде және БАҚ-та #ItsAllAboutAbility бірыңғай хэштегімен жария ету қажет. Ресми визуалды құрамдауышты (логотиптер, қаріптер) алу үшін «Samruk-Kazyna Trust» Қорына жүгінуге болады.

#ItsAllAboutAbility науқанына қатысу эстафетасын ұйымдастырушылар «Ертіс» футбол клубына тапсырды.

Comments are closed.