Үштөбе қаласында жаңа спорт алаңы ашылды

14/06/2019

Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы әмбебап спорт алаңының салтанатты ашылуы өтті. Ол жыл бойы ашық және оны жергілікті тұрғындар тегін пайдалана алады.

Әмбебап спорт және балалар ойын алаңы үш аймақтан тұрады – мини-футбол алаңы, балалар алаңы және workout-аймағы. Ойын алаңдары жасанды көгалмен, ал балалар мен жаттығу зоналары резеңке үгіндіден жасалған, жарақаттан қорғайтын жабын – тартанмен қапталған.

Алаңдар салауатты өмір салтын қолдау және балалар спортын дамыту, қалалар мен кенттер тұрғындарын қазіргі заманғы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында орнатылады.

Ашық ауадағы жаңа кешен Үштөбе қаласының тұрғындарын, әсіресе жастарды тарту орталығына айналады және оларға өзінің спорттық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаң тек жергілікті емес, аудандық маңызы бар спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу орны бола алады.

Алаңды орнатқаннан кейін олардың сақталуын қамтамасыз ету және қызмет жасауын қолдау үшін жергілікті атқарушы органдардың балансына беріледі.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қаратал ауданының әкімі Рауан Рахымбеков, Қаратал АПББ басшысының орынбасары Манат Тастанов, Үштөбе қаласының әкімі Рүстем Бекбосынов, Спорт және білім беру бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.

«Бұл алаңдар халықты спортқа және салауатты өмір салтына көбірек тарту мақсатында орнатылады.  Әсіресе, біздің жас ұрпақтарымыздың дұрыс дамуы өте маңызды. Биылғы жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан бүкіл Қазақстан бойынша 40-тан астам осындай алаң ашу жоспарлануда, оның ішінде екеуі Алматы облысында. Бірі - Үштөбе қаласында, екіншісі - Ақсу ауданында", - деп атап өтті Қаратал АПББ басшысының орынбасары Манат Тастанов.

Ол сондай-ақ, әрбір кешен инклюзия элементтерін қамтитынын, яғни мүмкіндігі шектеулі балалар да осы алаңдарда айналыса алатынын атап өтті.

Әмбебап спорт және ойын алаңдарын орнату жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

 

 

Comments are closed.