Медициналық пойыздар Қазақстанның 139 шағын елді мекенін қамтиды

03/09/2018

«Медициналық пойыздар» жобасы биыл да өз жұмысын жалғастыруда. «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» пойыздары еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.

Пойыздардың медициналық бригада құрамына терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті дәрігерлер кіреді.

 «Денсаулық» медициналық пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша, барлығы 82 бекетке тоқтайды. Ал «Саламатты Қазақстан» пойызымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 станцияның тұрғындарын қамту жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздарда еліміздің барлық облыстарынан 1326 станция тұрғындары тексеруден өтті. Мамандар 379 000 қазақстандықты тексерістен өткізді, оның 83 806 балалар. Дәрігерлік қабылдаулардың жалпы саны шамамен 2,5 млн құрады.

Аталмыш жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметті жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық министрлігімен, сонымен қатар, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның «Әлеуметтік жобалар» Корпоративтік қорымен жүзеге асырылады.

Comments are closed.