ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Қазақстанның 10 аймағында жаңа спорт алаңдарын орнату жұмыстары басталды

09/08/2018

Ағымдағы жылдың аяғына дейін Қазақстанның он облысындағы 53 мың шаршы метрден астам аумақта саны 40-тан асатын жаңа алаңдар пайда болады. Қазіргі заманғы технологияларға сай жинақталған әмбебап платформалар халық арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бар аймақтарда «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда.

Бағдарлама аясында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында 40-тан астам әмбебап спорт және балалар ойын алаңы салынады. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында 10 жаттығу алаңы (workout) орнатылатын болады.

Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әрқайсысында бес алаңнан салынса, Ақмола, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында үш алаңнан, ал Шымкент қаласының өзінде екі алаң орнатылады.

Жалпы аумағы шамамен 1 280 шаршы метрді құрайтын әр әмбебап алаң кешені футбол/хоккей алаңы, жаттығу аймағы және балалар ойын алаңынан тұрады. Ойын алаңдары жасанды газонмен, ал балалар алаңы мен жаттығу аймағы жарақаттардың алдын алатын резинадан жасалған тартан материалымен жабылатын болады.

Тағы бір айта кететін жәйт, алаңдар инклюзия элементтерін қамтиды, сондықтан ерекше қабілеті бар балаларға да қолжетімді.

«Әмбебап алаңдар құрылысы – 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Менің елім» Бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Өңірлерде осындай спорттық зоналарды орнату арқылы біз салауатты өмір салты мен спортпен айналысуға қазақстандықтардың көбірек тартылатынына үміттенеміз. Сонымен қатар, балаларға арналған қосымша қауіпсіз ойын алаңдары пайда болатыны қуантады. Өткен жылы осы бағдарламаның арқасында жаңа алаңдар Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында орнатылған еді. Биыл біз облыстар санын 10-ға дейін ұлғайттық», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.

Д.Әзбергеновтың айтуынша, Қор алаңдарды тұрғындарды заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бар аймақтарда орнатуға тырысады.

Добавить комментарий