Дариға Назарбаева «SportFEST Kazakhstan» спартакиадасының финалисттерімен кездесті

02/06/2018

8 айға созылған «SрortFEST Kazakhstan» мектеп спартакиадасы өз мәресіне жетуіне сәл қалды. 2 маусым «Балдәурен» РОСО-да финалдық ойындардың ресми ашылу салтанаты өтті.

Қазақстандағы алғашқы ауқымды мектеп спартакиадасының қатысушыларын құттықтауға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Ақмола облысының әкімі Малик Мурзалин және т.б. мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, қазақстандық спорт жұлдыздары келді.

«Спартакиадаға еліміздің 800 мектебі қатысты, енді сіздер өз мектептеріңіз бен аймақтарыңыздың намысын қорғауға келіп отырсыздар.  Бұл финалдық ойындардың сөзсіз есте қалатындығына сенемін. Спорт бұл – күш, физикалық дайындық, денсаулық, және ең бастысы жеңіске деген ұмтылыс. Қарсыласты ғана емес, өз-өзіңді жеңе білу өнері. Сіздердің қолдарыңыздан бұл келді. Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Ал бұл қолдар мықты болуы тиіс» - деді Дариға Назарбаева.

Жобаға барлығы 6000 жуық оқушы қатысып, олардың 528-і бүгін «Балдәурен» РОСО-да бақ сынасуда.

«SportFEST Kazakhstan» жобасы «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры үшін маңызды спорттық жобалардың бірі, себебі осы жобаның арқасында жастардың бұқаралық спорт түрлеріне қызығушылығын арттырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге ықпал еттік. Қорымыздың "Менің елім" әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асқан спартакиада еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың спортпен айналыса бастауына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектесті деп сенеміз», - деп атап өтті Бекзат Кеңесова, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының менеджері.

Естеріңізге салсақ, республикалық мектеп спартакиадасының ақтық ойындары 31 мамыр мен 5 маусым аралығында «Балдәурен» РОСО-да өтеді. Іс-шараға аймақтық іріктеу ойындарынан өткен 8-10 сынып оқушылары қатысып жатыр.

Турнир спорттың алты түрі бойынша өтеді: жігіттер арасындағы футзал, әскери қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі, қыздар арасындағы баскетбол мен тоғызқұмалақ.

Спартакиада нәтижелерін 4 маусым күні жобаның ресми сайтынан www.sportfest.kz көруге болады.

Comments are closed.