Қазақстан ардагерлері үшін темір жол көлігінің қызметтері тегін болады
27/04/2018
2018 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теміржол көлігінің қызметтерін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы акция басталады.
Ардагерлер Қазақстан Республикасы мен ТМД елдеріне барлық бағыттар бойынша жол жүруге мүмкіндік алады. Оларға барлық санаттағы пойыздардың купе вагондарында, соның ішінде «Туристік» класс вагондарында және «Talgo» пойыздарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған купелерден орын бөлінеді.
Аталмыш акция бойынша билеттер алу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және Ұлы Отан соғысының мүгедегінің немесе қатысушысының куәлігі болуы керек. ТМД елдеріне бару үшін тағайындалған станцияға дейін және кері қайту сапар құжаттары (билеттер) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда нүктелерінде рәсімделеді.
Бұдан бөлек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына жол жүрі барысында тегін тамақтану қамтамасыз етіледі.
Акция «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен ұйымдастырылып, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады.
Бұл акция «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы жүзеге асыратын ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетуге бағытталған «Жеңіс» жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты – ардагерлерге тек 9 мамыр ғана емес, жыл бойы қамқорлық жасау. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілетін тұрақты атаулы көмек «Жеңіс» жобасы концепциясының моральдық негізгі болып табылады.
Добавить комментарий