Маңғыстау облысында инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды
14/03/2018
Ақтауда «Менің елім — менің жерім» оқушылар олимпиадасы» байқауының облыстық кезеңінің финалы өтті. Бас жүлде ретінде жеңімпаздарға Ұлыбританияда ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік берілді.
Конкурстың қорытынды кезеңінде облыстың үш жалпы білім беру мектебінің 25 оқушысы қатысты. Олар өз жобаларын мұғалімдер, «Samruk-Kazyna Trust» Қорының өкілдері және әр саладағы мамандардан тұратын қазылар алқасының алдында қорғады.
6-8 сынып оқушылары ішінен бірінші орынды Ақмаржан Саматқызы иеленді. Оның «Айрақты: өткені, бүгіні мен келешегі» тақырыбына арналған ғылыми жобасы қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Екінші орында Айдана Кемелханова жайғасты. Ол ІІ-ші дәрежелі дипломмен және ноутбукпен марапатталды. Үшінші орын иегері Байған Батыржан ІІІ-ші дәрежелі дипломмен және планшетпен марапатталды.
9-11 сыныптар аралығында Қарашаш Жұмамұратованың «Бөдене жұмыртқасының биологиялық құндылығы мен бөдене шаруашылығының Маңғыстау облысы бойынша дамуы» атты ғылыми жобасы үздік деп танылды. Екінші орынды Арай Қуат , үшінші орынды Әсет Тілеген жеңіп алды.
«Жастарымызға осындай жарысты өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға, жоба жетекшілеріне және «Samruk-Kazyna Trust» Қорына ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл олимпиада жастарға үлкен мүмкіндіктер берді деп ойлаймын. 320 жобаның ішінен іріктеліп шыққан жеңімпаздарымызға тек биік шыңдарды бағындыра берулерін тілеймін» , - деді өз сөзінде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Абзал Мендібаев.
Оқушылардың жобалары түрлі тақырыптарды қамтығанын атап өткен жөн. Мысалға, туған өлкенің проблемасын шешудегі жұмыста өндірістің
тиімділігі, аймақтың және xалықтың дамуына қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың және тағы басқа адамдардың қосқан үлесінің талдауы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты жобалар болды.
Анықтамалық ақпарат:
«Менің елім-менің жерім» инновациялық жобалар байқауы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бар өңірлердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр.
Маңғыстау облысында «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Маңғыстау Атом ЭнергоКомбинат - ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ЖШС сияқты тағы басқа 10 астам еншілес тәуелді ұйымдар жұмыс жасайды. 2016 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірегей операторы «Samruk-Kazyna Trust» Корпоративтік қоры болып табылады.
2016 жылдан бастап Қор «Менің елім» бағдарламасын іске асыра бастады. Оның ішінде Маңғыстау облысын, нақтырақ айтсақ Жаңаөзен қаласында, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жүзеге асырылды.
Бағдарламаның басты мақсаты – өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту және жергілікті қауымның өмір сүру сапасы мен әлеуметтік ортаның жоғары стандарттарына, білімге, мәдениет пен спортқа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту арқылы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға ықпал етуді көздейді
Добавить комментарий