Қазақстанда көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді кітаптар сериясы шығарылды
04/12/2017
2017 жылдың 4 желтоқсанында Орталық коммуникациялар қызметінде «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді оқу құралдарының тұсау кесері болды.
Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің инклюзивтік және арнайы білім беру бөлімінің бастығы - Күдеринова Айкерім Мерекеқызы, «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ директоры Людмила Кайгородцева, Астана қаласы әкімдігінің «№2 Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің» педагог-дефектолог, әдіскері Сәуле Сағымбаева қатысты.
Көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді кітаптар «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ мен «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының бірігіп жүзеге асырып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында басып шығарылды.
«Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігімен зағип балаларға арналған Брайль қаріпімен терілген оқулықтар және көру қабілеті төмен балаларға арналған ірі қаріпті оқулықтар мен ОӘК қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында қазір көру қабілеті төмен және зағип балаларға арналған тактильді оқулықтар дайындалды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгерім Күдеринова.
Оның айтуынша, 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, көру қабілеті төмен балаларға (Брайль бойынша) және ақыл-ойында
ауытқушылығы бар балаларға арналған оқулықтар әзірлеу қарастырылған.
Республикалық бюджетте зағип және көру қабілеті төмен балаларға арналған оқулықтар мен ОӘК-ні кезең-кезеңмен әзірлеу үшін жыл сайынғы қаржы қарастырылған - 2017 жылы 1-сыныпқа арналған қалған оқулықтарды, 2-11 сыныптар үшін - 2018 жылдан 2020 жылға дейін.
«Осы жылы Қазақстанда алғаш рет жаңартылған бағдарламаға сәкес Брайль жүйесі бойынша «Сауат ашу» және «Сауаттылықты дамыту» 1-ші сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен ОӘК дайындалды»,- деп атап өтті.
Жоба аясында 250 тактильді кітап дайындалды. Олар Қазақстан бойынша көзі нашар көретін балаларға арналған 29 мамандандырылған мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріне таратылады.
Тактильді оқулықтар ұсақ моториканы дамытып, баланың білім алу процессін қызықты әрі пайдалы ойынға айналдыруға мүмкіндік беретін инновациялық білім беру формасы.
Сәуле Сағымбаева атап өткендей, тактильді оқулықтар түзету кабинеттері педагогтарының жұмысында шынайы әдістемелік көмек болып қана қоймай, көзі нашар көретін балаларды әлеуметтендіру үрдісіне де айтарлықтай көмек көрсететін болады.
Кітаптардың макеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің «№2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттерінің» ұснысын ескере отырып әзірленді.
Добавить комментарий