Астанада инклюзивті білім берудің Ресурстық Орталығы ашылды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың ұлттық күні қарсаңында Астана қаласы №68 жалпы орта мектебінде инклюзивті білім берудің Ресурстық Орталығы ашылды. Бұл орталық жалпы білім беретін мектептерде ерекше оқу қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалуын қамтамасыз етілуіне маңызы зор.

Ресурстық Орталық «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларын дамыту қоры мен «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылды.Аталған мектептегі инклюзивті білім беру ресурстық орталығы қазіргі заманға сай өзіндік ерекшелігі бар төрт бөліктен тұратын кабинет: ата-аналардың мамандардан кеңес алатын орны, баланың сабақтан тыс уақытта сергіту орны, мұғалімдер мен мамандардың топпен жұмыс жасау орны және оқушының арнайы мамандардан алатын сабақтар аймағы.

Орталықтың ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларын дамыту қоры, «Дара» қайырымдылық қорының өкілдерімен қатар Астана қаласы білім басқармасының мамандары мен пилоттық жобаға қатысатын мектеп директорлары қатысты. Ашылу шарасында қонақтар инклюзивті білім беруді жүзеге асырып жатқан мектеп ұжымымен танысып қана қоймай, инклюзивті білім беретін сыныптардың еңбек және дене шынықтыру сабақтарын тамашалады.

Инклюзивті білім беру әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз ететін білім берудегі жаңашыл бағыт. Инклюзивті білім беру жынысы, жасы, тегі, діни көзқарасы немесе тұрмыстық жағдайына қарамастан барлық балаларды жалпы білім беру үдерісіне толықтай енгізу және әлеуметтік бейімделу барысында кездесетін кедергілерді жоюға бағытталған.

Астана қаласы білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, оқуында ерекше қажеттіліктері бар үш мың бала қазіргі таңда қаланың 53 жалпы орта мектептерінде білім алып жатыр. Алайда, бұл балаларға жасалған жағдай мен инклюзивті білім берудің әдістемелік қолдауы әлі де болса көңіл толарлықтай емес. Әрине, мұндай “ерекше” балаларға арналған мектеп пен ұстаздар ұжымы тарапынан ерекше әдістер мен кешенді қолдау керек. Олар: әдістемелік қолдау, кеңес беру мен ақпараттық қолдау, білім беру бағдарламасының бейімделуі, тьюторларға және басқа да арнайы мамандарды қолдау.

Ресурстық орталықтың жұмысы балаларды мектепке қосудың әдіснамалық тәсілдерін әзірлеуге және сынақтан өткізуге бағытталатын болады.

Ресустық орталықтың жұмысы жайлы  толығырақ бейне-роликтен тамашалай аласыз. 

 

Пікір үстеу