Астана қаласында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Әубәкірова Жәния Яхияқызының есептік кездесуі өтті

27/09/2017

2017 жылдың 26 қыркүйегінде Назарбаев университетінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Халық әртісі, профессор Жәния Әубәкірованың халықпен есептік кездесуі өтті.

Шара «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Назарбаев Университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесу мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Орталық атқару органдарының жетекшілерінің, Әкiмдердiң, ұлттық ЖОО ректорларының халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы» Жарлығын орындау мақсатында өткізілді.
Кездесуге ұлттық компания басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, ҚР ЖОО ректорлары, Назарбаев Университетінің профессорлары мен шәкірттері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Құрманғазы атындағы ҚҰК-ның ректоры Жәния Әубәкірова 2016-2017 оқу жылында жасалған жұмыстардың қорытындысымен таныстырып, консерваторияның түрлі даму аспектілерін, дарынды жастарға шығармашылық білім беру үрдісінде жеткен жетістіктер мен шешімін таппаған мәселелер және еліміздің алдыңғы қатарлы музыкалық ЖОО-ның алдында тұрған міндеттерін сөз етті.
Сонымен қатар, кездесу барысында консерватория ұжымының «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткізген концерттерінің ең үздік үзінділері мен Жәния Әубәкірованың шығармашылық қызметінің 30 жылдығына арналған фортепианолық өнер мен әртістік қызметі туралы деректі фильмнің тұсаукесері болды.

Comments are closed.