Жас шаңғышылар Талғардағы спорт лагеріне келіп жетті

Шаңғы жарысымен шұғылданатын 60-тан астам бала «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніндегі жазғы спорттық-сауықтыру лагеріне келіп жетті. Балалар еліміздің атақты шаңғышыларының шеберлік сабағына қатысып, спорттық дағдыларын жетілдірмек.

11 шілдеде 12-16 жас шамасындағы 60 жас спортшы мен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан келген 8 жаттықтырушыға арналған лагердің ресми түрде ашылуы өтті.

Балаларға арналған жазғы лагердің ұйымдастырушысы  «Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ҚБ келуші қонақтарына арнап қызықты әрі тартымды бағдарлама әзірледі.

— Ашылу рәсімі өте жақсы өтті. Шараға қатысушы барлық спортшылар келді. Балаларға естелік футболкаларын тарту етіп, мерекелік көңіл-күй сыйладық. Өңірлік спортшыларға еліміздің жастар командасындағы балалардың қалай жаттығатынын көрсетсек дейміз. Ал бапкерлер өз кезегінде, жас шаңғышыларды байқап көрмек. Ал, олар жақын арадағы резервтеріміз. Әрі тәжірибемен бөлісу жағы тағы бар, - дейді Қазақстан Шаңғы жарысының ұлттық федерациясының вице-президенті Никита Девяткин.

Оның айтуынша, ең бастысы, аймақтық командалар мен жастар құрамасы спортшылары мен бапкерлері бірге жаттығады. Яғни, өзара тәжірибе алмасады деген сөз.

 —Еуропа елдерінде аталған әдіс кең таралған. Осындай лагерлердің арқасында спорттық нәтижелеріміз жақсарып, жаттықтырушылардың біліктіліктері артпақ. Лагерге 12-16 жас аралығындағы балаларды іріктеп алдық. Мұнда олардың өз өңірлерінде рейтинг бойынша озық шыққан, үздіктері келді. Бұл балалардың ерекше лагеріне айналды. Себебі, біз оны спорттық оқу-жаттығу түрінде ұйымдастырып қана қоймай, ойын-сауық бағдарламасын  да енгіздік, - дейді ол.

 Жаттығулар, тимбилдингтер, жүзу, волейбол мен үстел теннисінен достық жарыстар және шаңғы роллерлеріндегі командалық сайыстар және басқа да көптеген шаралар – лагерь қатысушыларының назарына ұсынылмақ.

Аталған лагерь Іле Алатауы жотасының беткейінен 1500 метр биіктіктегі бірегей жерде, Талғар қаласында орын тепкен. Спортшылар онда 18 шілдеге дейін болады.

Пікір үстеу