Балаларға арналған футбол науқаны басталды

27/04/2017

«Астана» Президенттік клубының құрамына енетін «Астана» футбол клубы әлеуметтік жобаларды дамытуға арналған «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен балаларға арналған футбол науқанын бастады.

Бұл акция бойынша 27 сәуір күні Астанадағы №59 мектеп-лицейдің ек «2-Ж» және 4-З» сыныптарына ашық дене шынықтыру сабақтары өткізілді. Аталмыш сыныптың оқушыларына ашық дене шынықтыру сабағын кезінде «Оқжетпес», «Екібастұз», «Есіл-Богатырь», «Есіл», «Энергетик» және «Қызылжар» клубтарында ойнаған футболшы, бүгінгі таңда «Астана» футбол орталығының 2007 жылы дүниеге келген тәрбиеленушілерінің жаттықтырушысы Сергей Калюбин жүргізді. 
Сергей Юрьевич жылдамдық, допты алып жүру, пас беру сияқты футбол дағдылары бойынша балаларға өз тәжірибесімен бөлісті. 
Сонымен қатар осы іс-шараға футболдан үш дүркін Қазақстан чемпионы, «Астана» командасының капитаны Ненад Эрич арнайы қонақ ретінде шақырылып, бүлдіршіндермен бірге суретке түсіп, ашық сабақ соңында жас жанкүйерлеріне қолтаңба берді. 

Сондай-ақ ашық сабақтың қызықты өтуіне «Астана» футбол клубының маскоты- «Барсик» өз үлесін қосып, іс-шара барысында балалардың көңілін көтерумен болды. 
Ашық сабақ соңында 59 мектеп оқушылары мен ұстаздарына естелік сыйлықтар мен 2 мамыр күні «Астана Арена» стадионында өтетін «Астана» және «Қайрат» командалары арасындағы ойынға билеттер табыс етілді. 
«Астана» футбол клубы «Астана» Президенттік клубының бастамасы бойынша және әлеуметтік серіктесі «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен стадионның Е8 секторын «отбасылық сектор» жасауды жоспарлап отыр. Ал балаларға арналған футбол науқанының қатысушылары өз ата-аналарымен бірге осы секторда «Астана» футбол клубының өз алаңындағы кездесулерінде елордалық командаға жанкүйерлік ететін болады.

 

Comments are closed.