Оңтүстік астанада «Almaty Bike» жобасы іске қосылды

17/09/2016

16 қыркүйек күні Алматыда «Almaty Bike» жобасының велобекеттерін іске қосу салтанаты өтті. Алматы қаласында велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамыту саласындағы жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ мен Алматы қаласының әкімдігі іске қосты.Естеріңізге салып өтейік, Алматы – арнайы велосипедтерде жүру мүмкіндігі бар үшінші қала. Астаналықтар бұл велосипедтерді үшінші маусым пайдаланса, шілде айында бұл жоба Шымкент қаласында бастауын алған болатын.

Бекеттерді салтанатты түрде ашып, жаңа велосипедтерді бірінші болып Алматы қ. әкімі Б. Байбек және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Е. Дәрімов жүргізіп көрді.

«Almaty Bike» жобасының алғашқы бекеттері қаланың орталық көшелерінде орнатылады, 270 велосипедке шақталған 50 велобекет жұмысын іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде көшедегі автокөлік қозғалысының қарқындылығы төмендеп, экологиялық ахуал да жақсара түседі дейді жауапты мамандар. Бұл жүйе күн көзінен қуат алып, паркинг желісінің терминалымен жабдықталады.

«Almaty Bike» қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттауға және экологияны жақсартуға, велосипедті жалға алу автоматты пункттерінің жүйесін құру әрі дамыту, велотуризмді дамытуға бағытталған.

Велосипедтердің құрылымы авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалған. Екі дөңгелекті құрал ұрыларға мүлде тиімсіз: әр бөлшегі өзгеше және ешбір басқа велосипедтерге салуға келмейді. Жалпы салмағы – 24 келі.

Алматыдағы ауа райын ескерген идея авторлары Almaty bike жобасы жыл бойы қала тұрғындарының игілігіне жарайды деп сенеді.

Comments are closed.