180 градусқа өзгердім!

28/02/2023

Атырауда «Әрекет» жобасы аясында «Шаштараз» оқу курсын аяқтаған көпбалалы ана Ақтоба Алдашева осылай дейді. Жергілікті сұлулық салонына тұрақты жұмысқа орналасқан ол, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан жүзеге асырылған әлеуметтік жоба арқылы қатысушылар қазіргі заманғы кәсіптерге үйренгенін айтады.

«Samruk-Kazyna Trust», Атырау іскер әйелдер қауымдастығы сынды барша қолдаушы тарапқа шын жүректен алғысымды жеткізгім келеді. 180 градусқа өзгердім десем, өтірік болмайды. Себебі 14 жыл бойы бала күтімімен үйде отырдым. Жобаға келгенде, өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Ұйымдастырушылардың мені таңдағанына қатты қуандым», - деп алған әсерін жасырмаған 5 баланың анасы бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қайтарымсыз грантының тиімділігін тілге тиек етті.

Кейіпкеріміз оқудың арқасында шаш қию мен әрлеуді, әлеуметтік желіде жұмысын жарнамалауды меңгерген.

«Барынша клиенттің көңілін табуға тырысамын. Өйткені шаш күтіміне айрықша көзқарас, тіпті қалпына келтіруде мұқият ем қажет. Әлеуметтік желіні ақтарып, түрлі идеяларды байқап көруге құмартамын. Онда оқырман жинаудың қыр-сырын байыптадым. Тіпті тәлімгерлер қалай ойымызды жинақтап, сөйлеп, жүріп-тұруды үйретті, яғни шешендік өнердің де шаш қиюға әсері ерекше екен. Осындай қадамдардың жемісінде қызметімді тұрақты тұтынушылар пайда болуда», - деп бөліскен Ақбота Серікқызы әлі де өне бойына үңіліп, тұлғалық қасиеттерін зерделеп жатқанын келтіреді.

«Әрекет» түлегі адамдармен тіл табысу оңай еместігін әңгімелейді. Әрқайсының бет әлпеті, шаш құрылымы жеке ізденісті талап етеді. Сондықтан әзірге ортаңқол табысты қанағат тұтса да, Ақбота қызметіне жүгінгендерге жанашырлық кеңесін аямайды.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асқан Атырау облысындағы «Әрекет» жобасы аясында бірқатар кәсіптерді игерген жалғызбасты, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 100 ананың елеулі бөлігі қазірдің өзінде еңбекпен қамтылып, табыс табуда. «Тігін», «Аспаздық шеберлік», «Кондитерлік іс»,  «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері» бойынша түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіліп, тауар түріндегі гранттар берілді.

Comments are closed.