2024 жылдың І тоқсанында «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен жұмысын бастаған жобалар

18/04/2024

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына 1 тоқсанда түрлі ҮЕҰ тарапынан жобаларды жүзеге асыру бойынша 100 өтінім келіп түсті. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 30% жоғары. Сараптама мен пысықтаудан өткен 26 жоба Қамқоршылық кеңеске шығарылып, оның ішінде құны 1,3 млрд теңге болатын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге арналған 8 жүйелі жоба қолдау тапты.

Мәселен, қолдау тапқан жобалардың бірі – Алматы қаласындағы Даун синдромы балаларға арналған орталық. Сонымен бірге алдағы уақытта Атырау облысы Миялы ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын ашу, Павлодар облысының Солнечный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу,  180 мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік осал жастарды цифрлық кәсіптерге оқытуға бағытталған «Orle Teach 3.0.» жобасы жұмысын бастайды. Жоба  «Шелл Қазақстан БВ» компаниясымен бірлесе жүзеге асырылуда.

Жақын уақытта еліміздің шалғай өңірлеріне тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Жәрдем» медициналық пойызы жолға шығады. Жоспар бойынша шалғай жатқан 140 стансаны аралып, соның ішінде қарғын судан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына тиісті көмек көрсететін болады. Кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтау және оларға ден қоюға бағытталған «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатайық» жобасы, қазақ әдебиеті мен тарихын дамытуға үлес қосу мақсатында Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылығы, бұрын-соңды жарияланбаған деректері баяндалған «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабын жарыққа шығару, еліміздің барлық өңіріндегі ардагерлерді қолдауға арналған «Тағылым» жобасы бар.

Сонымен қатар, Қор бірінші тоқсанда әлеуметтік саланы дамыту мен нығайту, жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Шелл Қазақстан», «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы» БК» ЖШС компанияларымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Обсуждение закрыто.