ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Саламатты Қазақстан» пойызына 11 мыңнан астам қазақстандық қаралды

12/06/2024

Пойыз дәрігерлері мамыр айының басынан жұмысына кіріскелі 11542 адамның денсаулығын тексеріп үлгерді. Бұл жерде қаралушылардың 5483-і бала болып отыр. Бүгін, 10 маусым, пойыз Атырау облысының Жамансор станциясында жұмысқа кірісті.

Денсаулық керуені мұнайлы өлкедегі қызметін осы апта аяқтап, алдағы Мұқыр және Сағыз бекеттерін қосқанда, жалпы саны 11 бекет қамтылатын болады. Одан әрі, 17 маусымнан бастап, Ақтөбе облысы күтіп тұр. Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр станцияға 1-2 күн тоқтап, ауыл тұрғындарына күнделікті 09:00-18:00 аралығында 13:00-14:00 түскі үзіліспен алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді.

«Бірнеше күн болды, ауырып, қиналып қалып едім. «Саламатты Қазақстандағы» қарақтарға рахмет, ең риза еткені, қазіргі заманда жоғалып бара жатқан мейірімді танытқандары. Жақсы қарап, дерттерімді анықтап берді. Құлан-таза айыққандай күй кешіп отырмын. Осындай тегін, сапалы жәрдем жіберген басшыларға алғысымды жеткізіңдер», - деді Туманное бекетіне қонаққа келген егде жастағы Үміт Қожақова.

 Доңғалақ үстіндегі емхана жұмысын бастағалы Маңғыстау облысынан кейін Атырау облысында Құлсары, Дина Нұрпейісова, Ганюшкина, Афанасьево, Исатай, Нарын, Аққыстау және Туманное бекеттерінде болды. Пойыз ұжымы бірқатар елдімекендердің әкімдіктері тарапынан алғысхат иеленді.

 «Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі бар. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті адамдарға шағын оталар жасау қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

Еске сала кетсек, «Саламатты Қазақстан» медпойызы еліміздің барлық өңіріндегі 140 алыс бекет пен олардың маңайындағы ауыл-аймаққа тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге елордадан 2024 жылғы 1 мамыр күні сапарға аттанды. Өз қызметін батыс аймақтардан бастаған пойыз қызметіне  40 маман жұмылдырылды. Атап айтқанда, денсаулық керуенінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог  сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар бар. Қажет жағдайда дәрігерлер шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.

Добавить комментарий