ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Қазақстанда инклюзия саласында 100 жаңа сарапшы дайындалады

23/05/2024

Мамандар мүгедектігі бар адамдармен тілдесу әдебі, қалалық орта мен мекемелердің қолжетімділігі, ұжымдық психология, халықаралық тәжірибе сияқты бағыттарда кешенді білім меңгереді. Мамыр айының басынан жалғасқан семинарларда министрліктер, Астана қаласы мен аудандарының әкімдіктері қызметкерлері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері оқытылды. 23-24 мамыр күндері аталмыш оқуға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері қатысуда.

«Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қаржыландырған пилоттық жоба аясында оқу-әдістеме орталығы құрылып, ол инклюзияны дамыту бойынша шараларды үйлестіріп отырмақ. Ерекше жандар мен олардың отбасыларына 3 инклюзивті туристік бағдар қарастырылып, еліміздегі 90 нұсқаушы-сарапшы нысандардың қолжетімділігін бағалайтын болады.  Мекемелерді бірыңғай стандартқа бейімдеуде инновациялық тәсілдер енгізілмек.

«Қор инклюзия бағытына басымдық беріп, осыған дейін түрлі оңалту орталықтарын, бейімделген спорт секцияларын ашу, ерекше жандарды оқыту сынды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Еліміз бойынша инклюзия саласында 100 жаңа маманды дайындау осы бастамамыздың заңды жалғасы. Инклюзия тек пандус орнату ғана емес, қоғамның көзқарасы мен қарым-қатынасының өзгеруі, қызметтер мен инфрақұрылымның барша азаматқа тең қолжетімді болуы деген сөз. Бұл ары қарай қоғамда инклюзия бойынша стандарттарды жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті оқытуға кіріспе сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Сарапшыларды оқыту мен алған білімді іс жүзінде қолдануды мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғау мен инклюзивті қоғамды дамытуда көп жыл бойы еңбек етіп жүрген ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев, қолжетімді инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша оқу бағдарламаларының әзірлеушісі Александр Авдеев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Азат Бөкенбаев, «Қазақстан саңыраулар қоғамының» вице-президенті Жангелді Бекбатыров, ұжымдық психология бойынша дәрістер әзірлеуші Евгения Шеффинг сынды тәжірибелі мамандар үйретеді.

Бірыңғай қайырымдылық операторының қолдауымен инклюзия бағытында  мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 23 қала мен елдімекенінде тегін бейімделген спорт секцияларының желісі жұмыс істеп тұрса, осыған дейін іске қосылған 37 оңалту орталығынан бөлек, алдағы уақытта аутизмі бар балаларға 7 орталық және 5 ерте араласу орталығы, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жыл сайын 50 мың адам спортпен айналысуға мүмкіндік беретін 6 инклюзивті спорт кешені ашылады. Оңалту қызметін дамытумен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту  мәселесі қолға алынды. 2024 жылдың алғашқы үш айында «Самұрық-Қазына» АҚ тобындағы компанияларға 114 ерекше қажеттілігі бар азамат жұмысқа тұрды. Жаз айларында 180 мүмкіндігі шектеулі азаматты цифрлық мамандықтарға оқыту жобасы басталады. Жалпы Қор өткен жылы және осы жылдың басынан бері 25,2 млрд теңгеге инклюзия, денсаулық сақтау, білім, спорт пен мәдениет салаларында 64 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Добавить комментарий