Атырауда 100 көпбалалы ана қазіргі заманғы кәсіптерге үйренді

10/02/2023

Атырау облысындағы «Әрекет» жобасы аясында қажет бірқатар кәсіптерді игерген жалғызбасты, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 100 ананың отыздан астамы қазірдің өзінде еңбекпен қамтылып, табыс табуда.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жүйеқұраушы кәсіпорындар сияқты, жергілікті «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және тағы басқа да өндіріс мекемелері кіретіні белгілі.

«Ембімұнайгаз» компаниясы ірі мұнай кәсіпорны ретінде өзінің ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінеді. Осы орайда «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен аймағымызда қолға алынған «Әрекет» жобасының бүгінгі нәтижесі бәрімізді қуантып отыр. Себебі барша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан көрсетілген қолдаудың арқасында үйде отырған атыраулық 100 жұмыссыз әйелге өз кәсібімен айналысып, табыс табуына мүмкіндік берілді. Тіпті  жалғызбасты, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеудегі 30-дан астам нәзік жанның қазірдің өзінде шаруасын бастап әкеткені еріксіз сүйсіндіреді!», - деді жоба түлектеріне сертификаттар табыстау рәсімінде «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.

Өңірдегі Іскер әйелдер қауымдастығы мұрындық болған, өткен жылы бастау алған жоба барысында жұмыссыз әйелдерге қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетілді.

Шалғайдағы ауылдар тұрғындарын, оның ішінде Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарын, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамба, Ақсай, Қайыршақты елдімекендерін және Атырау қаласының қамтыған бастамаға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 48 млн теңге қаржы бөлінді.

          Жобаға қатысушылар «Тігін», «Аспаздық шеберлік», «Кондитерлік іс»,  «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері» бойынша теориялық білім алғаннан кейін, іс жүзінде тәжірибеден өтті. Атап айтсақ, аспаздар «Aru Plaza», «Star» мейрамханаларында, кондитерлер «Take the Cake Studio» кондитерлік цехында, тігіншілер «DART LUX» тігін цехында, шаштараздар «ADIA» салонында және клининг қызметін үйренушілер «В помощь хозяйке» клинингтік қызмет компаниясында әр кәсіптің қыр-сырын меңгерді.

4 апталық оқу курстарына қосымша 2 апта «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша курстар өткізілді. Сонымен қатар, жоба түлектеріне 2 ай бойы тәлімгер жетекшілері бірге жүріп, қолдау көрсетеді.

Жоба түлектері игі істі қолдаған «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына алғысын білдірді. «Samruk-Kazyna Trust» бас директоры Альфия Адиева бастаған топ бірнеше анаға гранттарды үйіне немесе жоба арқасында орналасқан жұмыс орнына барып табыстады.

«Жұбайым жұмыстан шығып қалып, үйдің ипотека берешегі мойнымызда қалып қойды. Әкімдік үйімізге қарап, бәрі жақсы ғой дегенге келтіреді. Бірақ балам да мүмкіндігі шектеулі, сынаққа төзіп отырмыз. Қарызға кіріп, қатты қиналып кетік едік, мына жоба еңсемізді көтерді, үміт сыйлады», - деп бөлісті жолдасы ІІ топ мүгедегі Ақбота Өтепбергенова шаңырақтарына келген құтты қонақтармен.

5 баланың анасы Ақбота Алдашева, бүгінгі таңда, шаштараз оқуын аяқтаған соң сұлулық салонына тұрақты жұмысқа орналасып отыр.

«Әлеуметтік желіде оқырман жинаудың қыр-сырын меңгердім. Тіпті тәлімгерлер қалай сөйлеп, жүріп-тұруды үйретті. Осындай қадамдардың жемісінде клиенттер пайда болып, түрлі идеяларды іс жүзінде байқап көрудемін», - деп жаңалықтарын жеткізді ол грант табыстаушы тарапқа.

Оқуды аяқтаған 100 түлекке тауар түріндегі гранттар беріледі. Бүгінгі таңда тігін оқу курсын бітірген 4 ана, шаштараз курсын тәмамдаған 5 ана, клинингтік қызмет меңгерген 3 ана, аспаздық шеберлігін шыңдаған 2 ана тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 20 ана өз кәсібін үй жағдайында ашып үлгеріп, дамытуда.

Comments are closed.