Айдос Тоқтарбаев: Хоккейге деген сүйіспеншілікті әкем бойыма сіңірді

07/12/2022

Қазақстан құрамасы 6-11 желтоқсан аралығында «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Таиландтың Бангкок қаласында өтетін паралимпиадалық хоккейден С-Pool әлем чемпионатына қатысады.

Парахоккейден ұлттық құраманың шабуылшысы Айдос Тоқтарбаев бала кезінен кәсіби хоккейші болуды армандаған. Оның жүріп өткен жолы армандар орындалатынына айқын дәлел болатындай. Қазір Айдос командасымен бірге Тайландтағы әлем чемпионатына сапар шегуге қамдануда.

Кейіпкеріміз бала кезінен салауатты өмір салтына бейім болып, волейбол, футбол, үстел теннис секілді спорттың барлық түрімен айналысып өсті. Сал ауруы диагнозы қайсар жанға еш кедергі келтірмеді. Әкесі хоккейді қатты жақсы көретін. Теледидардан ҚХЛ матчтарын жиі көріп, бұл махаббатты ұлына да дарытты. Осылайша кәсіби хоккейші болу арманы бала Айдостың қиялына қанат бітірді.

2019 жылы Айдос естіген беті парахоккей командасына жазылды. Бүгінгі таңда ол командадағы ең тәжірибелі ойыншылардың бірі. Сонымен қатар онымен тоқтамай, елордалық отырып ойнау волейболында өнер көрсетуде.

«Жастайымнан паралимпиадалық хоккейге деген құштарлықпен ер жеттім. Біздің команда өте ұйымшыл және C-Pool әлем чемпионатына қатысу үшін көптеген қиындықтарды еңсердік. Бұл біздің алғашқы үлкен додамыз. Сондықтан ең бір биік белестерді бағындыруға тырысамыз. Барлық достарымыз бен демеушілерімізге қолдау көрсеткені және бізге деген сенімі үшін алғыс айтамыз», - дейді Айдос емен-жарқын.

Парахоккей Қазақстан үшін тың бастама. Өйткені оған арналған жабдық елімізде небәрі төрт жыл бұрын ғана пайда болған.

Биыл Астана қаласындағы парахоккей федерациясына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қоры әлем чемпионатына баруды ұйымдастырып қана қоймай, команданы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін 14,5 миллион теңгеге қаржылай қолдау көрсетті.

Чемпионатқа қатысушылардың арасында қазақстандықтардан басқа, Армения, Австрия, Франция, Ұлыбритания және Таиландтан келген парахоккейшілер бар. Жігіттерімізге тек табыс тілейміз! Сендер қазірдің өзінде жеңімпазсыңдар. #Биіктергебірге!

Comments are closed.