«Samruk-Kazyna Trust» және ҚТЖ ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне теміржол көлігінде тегін жол жүруді ұсынады

06/05/2022

Қазақстандағы барлық ҰОС ардагері мен тыл еңбеккері ҚТЖ пойыздарында тегін жүре алады. Мұндай акцияны «Жеңіс» бастамасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолға алып отыр.

Акция Қазақстан мен ТМД елдері аумағындағы пойыздардың ҚТЖ қызмет көрсететін бағыттарын қамтиды. Бұл мүмкіндікті 1935 жылдың 31 желтоқсанына дейін туған ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, тыл еңбеккерлері мен еңбек майданының қатысушылары пайдалана алады.

Акция 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Тек өткен жылы тегін сапарлар 550-ден астам рет пайдаланылды.

2022 жылғы науқан маусым айының соңына дейін жарамды. Алайда ол тағы бір жылға ұзартылуы ықтимал.

Науқан бойынша жол жүру құжаттарын рәсімдеу үшін билет кассасына жеке басты куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және Ұлы Отан соғысы ардагерінің немесе тыл еңбеккерінің куәлігін ұсыну қажет. ТМД елдеріне барған кезде тегін жол жүру құжаттары (билеттері) тек Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сату пункттерінде рәсімделеді.

«Жеңіс» жобасы көмекке мұқтаж ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетуге бағытталған. Жобаның басты мәні – жеңістің қадірін үнемі есте сақтап, ардақтау. Жоба аясында өңірлерде жүйелі негізде волонтерлік рейдтер ұйымдастырылады.

2021 жылы 2100-ден астам ҰОС ардагері мен тыл еңбеккеріне еріктілер 6700-ге жуық рет барды. Қазақстанның 35 қаласы мен ауданындағы 650 ерікті қарт адамдарға азық-түлік жеткізіп, тұрмыстық көмек көрсетті, үйлерінің аулаларын тазалады, қоршауларды сырлап, шатырларын бүтіндеді, қысқа отын дайындады. Ерекше мұқтаж ардагерлер қажетті тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілді.

Comments are closed.