Павлодарда мүгедектігі бар балалар бейімделген спортпен тегін айналыса алады

16/09/2020

Павлодарда «Саламатты болашақ» жобасы аясында бейімделген дене шынықтыру секциялары іске қосылды. Енді БЦП, аутизм, Даун синдромы, ақыл-ой кемістігі сияқты диагноздары бар кішкентай павлодарлықтар бейімделген футбол, бейімделген жүзу, хореография және бочча секцияларына тегін бара алады.

«Саламатты болашақ» жобасы өз жұмысын 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында бастады. Оның бастамашысы – «Тең мүмкіндіктер әлемі» Қоғамдық қоры. Жобаның басты мақсаты - елімізде бейімделген дене шынықтыру мен спортты дамыту, мүгедек балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін бейімделген спорт секцияларының желісін құру.

«Тұрақты түрде спортпен шұғылдану Нұр-Сұлтандағы балалардың қарым-қатынас, сөйлеу, қозғалыс дағдыларын, үйлестіру және зияткерлік қабілеттерін жақсартуға көмектесті. Спортпен шұғылдануға қолжетімділік барлық балалар үшін тең болуы тиіс және бұл барлық мүдделі тараптарды: ата-аналар қауымдастығын, мемлекет пен серіктестерді біріктірген кезде мүмкін болады», - деп бөлісті Қор директоры Нұргүл Ульжекова.

Бейімделген жүзу топтары, олардың әрқайсысында 8 баладан «Шымыр» бассейнінде шұғылданады. Бейімделген футбол тобы Луначарский көшесі, 2 мекен-жайындағы футбол алаңында жаттығады, ал суық ауа райы жағдайында футболшылар спорт залдарда сабақтарын жалғастырады. Тағы 10 бала «Inside» би студиясында инклюзивті хореографиямен айналысады.

Сондай-ақ, ашылу аясында жаңа спорт түрі - бочча таныстырылды, онымен мүгедектіктің барлық санатындағы балалар, сондай-ақ қарапайым балалар да айналыса алады. Бочча шеберлік сабағынан кейін жаттықтырушылар мүгедек балаларға арналған бейімделген спорт түрлері бойынша оқу-әдістемелік құралдар мен бейімделген дене шынықтыру бойынша оқу құралдарын алды.

«Мен ерекше баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын. Менің 12 жасар ұлым Степанның диагнозы - аутизм. Осы жобаның арқасында менің ұлым спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Біз бейімделген жүзу секциясына жазылып, қыркүйек айының басынан бастап жаттығуға кірістік. Әзірге олар құрлықта жаттығуды бастады, ал келесі аптадан бастап сабақтар бассейнде өтетін болады», - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Галина Алексеенко.

Жобаны іске асыру бас серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауының арқасында мүмкін болды. Қор бейімделген секциялардың дамуына көмектесіп, оларды қажетті спорттық керек-жарақтармен жабдықтай отырып, жобаны белсенді түрде қолдап келуде, сондай-ақ жаттықтырушыларға бейімделген дене шынықтыру және спорт бойынша біліктілігін тегін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның әлеуметтік серіктестері «Кедергісіз келешек - Будущее без барьеров» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясы, «Мир без границ» ҚБ, Павлодар қ. «Inside» би студиясы және жергілікті атқарушы органдар болып табылады, олардың арқасында спорт алаңдарын ұсынуға қолдау көрсетілуде.

Павлодардан басқа осындай секциялар Қарағанды облысында ашылды. Жақын арада бұл тізімге Шымкент, Алматы, Ақтөбе және Көкшетау қосылады.

Comments are closed.