«Батыр бабалардан тағылым!»

03/05/2017

2017 жылдың 29 сәуірінде Мемлекеттік тілді дамыту қоры және «Алдаспан» батырлар қоры Астана қаласындағы № 51 мектеп-гимназиясында «Батыр бабалардан тағылым!» әдеби кешін өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» — деп атап өткен.

Іс-шараның мақсаты — өз ана тілінде еркін сөйлеп, тәуелсіз елде өмір сүрсін деп армандаған батыр бабалардың рухани мұрасынан тағылым алу, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру мен дамыту.

Әдеби кешке қатысқан гимназия оқушылары «Шешендер»«Әділ билер», «Баhадүр батырлар», «Дарабоз батырлар», «Мұстафа Шоқай» және «Бауыржан Момышұлы» — деп аталатын алты топқа бөлініп, осы батыр бабабаларымыздан  рухани мұра болып қалған шығармаларын жатқа айтып, олардың өмірінен арнайы сахналық қойылымдар көрсетіп, өзара сайысқа түсті.

Сайыстың жеңімпаздары Қордың арнайы дипломдары мен сыйлықтарына ие болды.

Анықтама:

Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» – Қазақстан Республикасында қайырымдылық, әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыратын, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобы жанындағы әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Comments are closed.