«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ спорт клубтарын тікелей қаржыландыратын болады
07/10/2020
«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кірген спорт клубтарын қаржыландыру тәртібі өзгертілді. Бұл туралы әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Samruk-Kazyna Trust» бас директорының орынбасары Асқар Баталов онлайн-брифинг барысында мәлімдеді.
А.Баталовтың айтуынша, Қор Президенттік спорт клубын тарату туралы шешім қабылдады.
«Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Барыс» хоккей клубы және «Astana Pro Team» кәсіби велокомандасы өз жұмысын жалғастырады және тікелей «Самұрық-Қазына» қорынан қаржыландырылатын болады.
Спорт клубтарының құрылтайшысы болып «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болады. Спортқа «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қайырымдылық бюджетімен байланысты емес жекелеген қаражат бөлінетін болады.
Таратылатын ПКСК бұрынғы басшысы - Асқар Баталов «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының спорт мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде қызметін жалғастырады.
«Мақсаты - көп деңгейлі есептілік пен қаржылық қызметті, сондай-ақ әкімшілік және басқарушылық құрамды ұстауға жұмсалатын қосымша шығындарды жою», - деді Асқар Баталов.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана» ПКСК 2012 жылы спортқа мемлекет тарапынан қолдауды күшейту, Қазақстан мен оның астанасының әлемдік аренадағы оң имиджін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттауға және жоғары жетістіктер спортын дамытуға ықпал ету мақсатында құрылған болатын.
Добавить комментарий