«Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен 15-ші спорт кешені ашылды
15/03/2025

Бүгін Қайырымдылық күнінде Ақмола облысының Қажымұқан ауылында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жаңа спорт нысаны ашылды. Бұл «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобы атынан іске қосылған 15-ші спорт кешені.
Ауа тірек құрылымындағы кешеннің жалпы ауданы 1,7 мың ш.м. Мұнда шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар, теннис корты, жүгіру жолдары және қажетті құрал-жабдықтар бар. Қазіргі таңда дзюдо, қазақ күресі, бокс, волейбол, футбол бойынша секциялар ашылып, оған 188 бала тегін қатысуда.

«Өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – қайырымдылық қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Қордың қолдауымен күні бүгінге дейін 15 дене шынықтыру-сауықтыру және көпфункционалды спорт кешендері, 30-ға тарта спорт алаңдары пайдалануға беріліп отыр. Осылайша еліміз бойынша 90 мың азаматтың салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасатын болады», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.

Өз кезегінде тұрғындар мен әкімдік өкілдері салынған кешен үшін «Самұрық-Қазына» қорына алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Наурызнама аясында «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының «Тұсаукесер» республикалық акциясы бастау алып, еліміздің өңірлерінде ашылған оңалту орталықтарында көмек алған 65 ерекше баланың тұсауы кесіліп, өмірге жаңа қадам басты. Сонымен қатар, елордада жаңа инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, Атырау қаласында алғашқы инклюзивті кофехана жұмысын бастады.
Добавить комментарий