ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Саламатты Қазақстан» пойызы: 104 250 ауыл тұрғынына тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетілді

19/12/2024

Бүгін «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысы аяқталды. 8 ай ішінде 17 облыстағы 140 шалғай елдімекен тұрғындарына тегін медициналық және әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетілді. Көмек алған 104 250 қазақстандықтың 23 282-і балалар. Жоба аясында 40 кәсіби маман жұмыс істеп, барлығы 240 мыңға жуық кеңес беріліп, 7671 шағын ота жасалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

       Жоба дәрігерлері 101 301 азаматқа медициналық көмек көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың адамға көп. Пойыз әр станцияға орташа алғанда 2 күн тоқтап, науқастарды тексерді. Толық жалпы және биохимиялық талдаулар, флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді. Айта кетейік, биыл медпойызда эхоэнцефалография, маммография, рентген қондырғылары жаңарып, мамандар қатары травматолог, психолог, педиатр, мобильдік бригада өкілдерімен толықты.

       ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасымен екінші жыл қатарынан жобаға тартылған медиатор мен заңгер 2 949 азаматтың арызын қарастырды, оның 1298-і әйелдер. Мамандар жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды. Проблемалық қарыздар және шағынқаржы ұйымдары мен коллекторлық ұйымдар бойынша 481 азаматқа 260,7 млн теңге сомадағы несиелерге икемді кесте жасалды. 26 азаматтық және 27 қылмыстық іс медиация аясында тоқтатылды.

       «Биыл медициналық пойыз жұмысын су тасқыны орын алған батыс өңірлерден бастап, жұмысын Жетісу облысында аяқтады. «Саламатты Қазақстан» пойызы толыққанды әлеуметтік керуенге, нағыз халықтық жобаға айналып, оның құрамында медицина қызметкерлерімен қатар заң мамандары алыс ауылдар халқына өз қызметін ақысыз ұсынды. Осылайша халық денсаулығын жақсартып, құқықтық сауатын арттыруға, тиісті салалардағы барлық қажет әлеуметтік көмек түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туындап, түйткілді жайттар шешімін тапты», – деді жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

        Биыл алғаш рет шалғай бекеттерде медициналық пойыз жанынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынуымен Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістерінің қатысуымен 18 қайырымдылық концерті ұйымдастырылды.

       Әлеуметтік жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асты.

       «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына 2024 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 782 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл қаржыға пойыздың толық қатынауы, вагондарды жалға алу, пойыз ұжымын тамақтандыру, құрал-жабдығына, оның ішінде дизель-генератор қондырғыларына техникалық қызмет көрсету, ғаламтор байланысы, күзет, дизель отынын құю, халықаралық медиация институты қызметін қаржыландыру, концерттер ұйымдастыру сынды көптеген қызмет түрлері енді.

Добавить комментарий