«Самұрық-Қазына» қолдаған жобадағы ерекше балалар пара спорттан топ жарды
09/01/2024
Қор қаржыландыратын «Саламатты Болашақ» жобасындағы 9 спортшы Астанада өткен адаптивті таэквондо бойынша аттестаттауда оң нәтиже көрсетті. Жас паратаеквондошылар сары, сары-жасыл, жасыл және жасыл-көк белбеулерге ие болды. Жалпы жоба аясында 410 ерекше бала түрлі спорт бойынша 58 республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
10 жастағы Ерасыл Өсербайдың таеквонда секциясына қатысып жүргеніне бір жыл. Рухы мықты бала табандылық танытып, алғаш рет сары белбеуді қорғап шықты.
«Бейімдеу спорты ерекше балалар үшін нағыз қажетті дүние. Балалар бұлшықеттерін нығайтып, спорттың қыр-сырын меңгере бастайды. Сонымен бірге, жаңа дос тауып, қоғамда өз орындарын табады. Мұндай талпыныс біздің балаларымыз үшін үлкен мүмкіндік», – деді анасы Айжан.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры облыстардағы ерекше балаларға арналған бочча және басқа да бейімделген спорт түрлерінің секцияларын үш жылдан бері үзбей қаржыландырып келеді. Бүгінде еліміздің 23 қаласы мен елдімекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылып, 1000 аса ерекше бала спорттың 12 түрінен – бочча, голбол, адаптивті жүзу, каратэ, таэквондо, дзюдо, пионербол, футбол, бейімделетін жеңіл атлетика, инклюзивті хореографияға қатысып жүр.
Добавить комментарий