ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Батыс Қазақстанда ерекше балаларға арналған ерте араласу орталығы іске қосылды

27/12/2023

Орталыққа «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 57 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа орталық мамандары нейро-ортопедиялық кінәраттары мен олардың туындау қаупі бар балаларға көмектесетін болады. Мекеме ең замануи жабдықтармен жабдықталған, жылына денсаулығында кінәраты бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қамти алады.

 Бұл «Самұрық қазына» қорының қаржыландыруымен «Қамқорлық» жобасы аясында Орал қаласында ашылып отырған екінші оңалту орталығы. Алғашқысы 2019 жылы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып ашылған болатын.

«Біз бүгін Қазақстан бойынша ерекше балалар және олардың ата-аналары үшін  34-ші  оңалту орталығын ашып отырмыз. Ерте араласу  оңалту орталықтарының артықшылығы -  денсаулығында кәніраты бар балаларға абилитациялық оңалтуды жүргізу  арқылы мүгедектігінің алдын алуға көмек беру.  Бұл мақсатта дәрігерлермен бірлескен еңбектің жемісін ата-аналар қауымы лайықты бағалайды деп сенемін. Ал біздің ұлттық әл-ауқат қоры инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған игілікті ісін  әрі қарай да жалғастыра береді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Ерте араласу орталығында церебралды сал ауруы, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақаулары, бұлшық ет дистрофиясы, босану жарақаттары және қозғалыс бұзылыстары және жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балалар оңалтудан өтеді. Балалармен жұмыс істеу үшін тиімді технологиялар ұсынылған, олар: механотерапия және емдік-дене шынықтыру залы, сенсорлық, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмелері. Есту қабілетін және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар да бар.

Добавить комментарий