«Самұрық-Қазына» қоры оңтүстік өңірде ерекше балаларға арналған 4 бірдей оңалту орталығын ашты
01/12/2023
Түркістан және Жамбыл облыстарындағы жаңа орталықтар Бүкіләлемдік мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында ашылды. 30 қарашада Сарыағаш қаласында ерте араласу орталығы, бүгін Тараз қаласында ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған орталықтары іске қосылса, Шу қаласында 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы қолданысқа берілді.
«Самұрық-Қазына» қорымен бүгінде инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында соңғы 3 жылда 14 оңалту және 11 ерте араласу орталығы ашылып, 29 мыңнан астам бала тегін оңалтумен қамтылды. Облыс орталықтары мен ірі қалалардан тыс, Ұзынағаш, Бәйдібек би, Степногорск сынды елдімекендерді қамтыған орталықтарда оңалтудан өткен балалардың 2362-сі алғашқы қадамын жасап, 3215 бүлдіршін өмірінде бірінше рет сөйлей бастады.
Шымкент қаласы мен Павлодар, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында ашылған аутизм орталықтарының әрқайсысы 1,5-тен 18 жасқа дейінгі 125 баладан қабылдауға қауқарлы. Олардың ата-аналарына қолдау көрсетіледі. Бір жерде әртүрлі мамандар әр баламен баланың қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Жыл сайын тиісті орталықтардың әрқайсысында 125 бала мамандардың көмегін тегін алып, ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік-денешынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектолог сабақтары қарастырылған.
Балалар мүгедектігінің алдын алу көзделген ерте араласу орталықтарында үш жасқа дейінгі дамуында кінәраты бар жыл сайын шала туған, орталық жүйке жүйесі мен мидың туабіткен ақаулары, церебральды сал ауруы, Даун синдромы, нейроинфекциялар мен жарақаттардың салдары мазалайтын 600 ерекше бала оңалту көмегін алады. Сондай-ақ озық үлгілі арнайы жабдық арқылы диагностикалық аудиологиялық және ми тексеруінен өтеді. Бұл орталықтарда оңалтушы дәрігер, невролог, емдік-денешынықтыру нұсқаушы, эрготерапев, логопед және дефектолог мамандардың көпсалалы тобы жұмыс істейді.
Осылайша, бүгінде орталықтар саны жалпы 33-ті құраса, алдағы кезде әлі де 10 орталықты іске қосу жалғасады.
«Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету. Бірлескен еңбек жемісін ата-аналар тарапы лайықты бағалайды деп ойлаймын», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Шу қаласында бүгін ашылған жаңа орталық нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар ерекше балалар үшін роботты құралдар, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелерімен толықтай жабдықталған. Мұнда жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар, 18 жасқа дейінгі науқас балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетілетін болады. Барлығында Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Италия және Ресейдің алдыңғы қатарлы өндірушілерінің заманауи оңалту жабдықтары.
«Ерекше балаларға арналған орталық - облыста көптен күткен жобамыздың бірі. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бүгін міне облысымызда 3 бірдей оңалту орталығының тұсауы кесілді. Сол үшін де алғыс білдіремін. Қоғамда ерекше балалардың саулығын нығайту, оларға көңіл бөлу - басты мақсат»- деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Добавить комментарий