ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Журналистер кәсіби мерекелерінде ерекше балалармен эстафетаға қатысты

30/06/2023

Қазақстандық БАҚ қызметкерлері өз мейрамдарына орай ерекше балалармен бірге спорт шарасына қатысты. Астанадағы Паралимпиада жаттығу орталығына жиналған журналистер, блогерлер және бірқатары қоларбаға танылса да, ерік-жігері мойымаған жеткіншектер мен олардың ата-аналары бейімделген спорттан көңілді эстафета өткізді.

«Елімізде, жалпы әлемде қоғамды қандай да бір мәселе толғандырса, ол жайлы қалам тербейтін БАҚ өкілдері. Билік пен бұқара арасында дәнекер болатын да осы журналистер тарапы. Баршаңызды Журналистер күнімен және «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығымен құттықтап, отбасыларыңызға бақыт, қызметтеріңізге жеміс тілеймін», - деді шараның ашылу рәсімінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Ол ашықтықты арттыру үшін қайырымдылық операторының корпоративтік сайты жаңартылып, оған қазіргі уақытта барлық жобалар мен қаржыландыру сомалары туралы ақпарат орналастырылуда екенін жеткізді. 2022 жылдағы үгіт-насихат жұмысының қорытындысында, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен өтінімдер саны 2022 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 6 есеге өсті.  Автоматтандырылған мониторинг жүйесі дерегі бойынша тек осы жылдың 2-тоқсанында, яғни 1 сәуірден бастап ақпарат айдынында компаниялар тобының қайырымдылық қызметі туралы мыңнан астам материал жарық көрді.

«Жұмысымызда «Бар жақсылық – балаларға» деген ұстанымға айрықша назар аударамыз. Жас ұрпаққа арналған жобалар халықтың осал топтарын қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және бұқаралық спортты дамыту салалары секілді бағыттарда іске асырылуда», - деп атап өтті Альфия Адиева.

Биыл ғана «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдаған 20-дан астам жобада 18 мың бала қамтылып отыр. Тәрбиеленушілері журналистермен бірге қызықты сайыс өткізген «Саламатты болашақ» жобасында Қазақстанның 21 қаласы мен елдімекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылып, 1 100 ерекшелігі бар бала спорттың 12 түріне қатысу мүмкіндігіне ие болуда.

Добавить комментарий