Самұрық-Қазына қолдауымен Ақтөбеде заманауи кітапхана кеңістігі ашылды
07/06/2023
Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында тиісті шаралар қабылдануда.
Бүгін С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында Қазақстандағы алғашқы креативті орталық өз жұмысын бастады.
Оның ашылуына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов және өңірдегі талантты жастары қатысты.
Жоба Ақтөбе облысы әкімдігі және бас демеуші «Самұрық – Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» КҚ қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның басты миссиясы – Ақтөбе облысы жастарының басын біріктіру, заманға сәйкес еркін форматта жұмыс істейтін креативті орталыққа айналдыру. Аталған жоба өңірдің мәдени және шығармашылық өмірін дамытуға жаңа серпін беріп, жастардың мансаптық жолында табысқа жетуіне қажетті дағдылар мен білімін жетілдіруге өз септігін тигізеді.
«Креативті индустрия экономиканың драйверіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойып отыр. Біз заманның ағынына ілесе алатын және дамыған елдердің кәсіби жас мамандарымен бәсекелесе алатын білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Креативті орталықтар біздің рухани құндылықтарымызбен үндестік таба білуі керек. Оларды дәріптеуде кітапханалар маңызды рөл атқарады. Біздің міндетіміз - креативті индустрияны дамыту, талантты жастардың мәдени әлеуетін толыққанды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау. Креативті орталықтың ашылуы - бұл өскелең ұрпақтың болашағына салынған инвестиция. Аталған жоба барлық талаптарға жауап береді және облыстың барлық жастарының басын біріктіреді. Мұнда зияткерлік және шығармашылық тұрғыдан дамуға, кәсіби біліктілік пен жеке қабілетті арттыруға болады», - деп Ералы Тоғжанов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдеріне орталықты ашудағы үлесі үшін өз алғысын білдірді.
Шығармашылық орталық жастардың қызығушылығына байланысты түрлі тақырыптық аймақтардан тұрады. Орталықта түрлі басқосулар, идеяларды бөлісуге арналған комьюнити спейс, IT мамандарға арналған IT студия, анимация орталығы, талантты жандарға арналған дыбыс жазу орталығы мен фотостудия, тақырыптық кітап залдары, TIKTOK аймақтары, суретшілер, дизайнерлер және сәулетшілерге арналған шеберханалар, кешкі көрсетілімдерге арналған кино экраны бар көше рекреациялық аймағы жастарға ойдағы жобаларын жүзеге асыруға, контент жасауға, таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жобаның авторлары – Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы және Almaty creative Bureau.
Добавить комментарий