ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» АҚ балалар үйіне ойын алаңын тарту етті

17/03/2023

«Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай балаларға сыйы жалғасуда. Бүгін Наурыз мейрамы қарсаңында Жамбыл облысының орталығында орналасқан «Үміт» мамандандырылған сәбилер үйінің аумағында балалар ойыны ашылды.

Көлемі 300 шаршы метр түрлі-түсті көңілді алаңда 13 ойын құралы орнатылған. Мұнда саналуан дене шынықтыру сабақтарын, спорттық және шығармашылық сайыстар өткізу қарастырылған.

Тараз қаласындағы «Балаларға күлкі сыйла!» жобасына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы 24 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау жасалды.

«Жобаның әлеуметтік маңыздылығы сонда, балалар үйінде тәрбиеленушілер  қоғам қамқорлылығы мен назарын сезіп, отансүйгіш әрі салауатты өмір салтын ұстанған жас ұрпақ болып өседі. Осылайша оң өзгерістер орын алып, бірлескен еңбектің жемісін көреміз деп ойлаймын. Келе жатқан Ұлыстың күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!», - деді салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі.

Жоба нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер бақытты балалық шақтың қуанышы мен ересектер мейірімін түйсініп ер жетпек. Тиісінше бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы тәрбиелік жұмыстарға айрықша күш салынады.

«Бүгін, міне, қасиетті Жамбыл жерінде балалар үйіне арналған ойын алаңын ашып отырмыз. Бұл қуанышты жағдай. Себебі халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деп айтқан. Барша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырған жобаның «Балаларға күлкі сыйла!» аталуы да жанға жылулық сыйлайды. Біз де, Қор құрамындағы жергілікті өндірістік кәсіпорын ретінде, мұндай игі бастамаларға үлес қосып жатқанымызға ризашылық білдіреміз. Баршаңызды бүгінгі игілікті іспен құттықтап, табыс тілеймін», - деді «ХИМ-плюс» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Дәулет Жүніспаев.

Бұған дейін еске салсақ, Амал мерекесінің алғашқы күні Маңғыстау облысында бірден 4 спорт алаңы қолданысқа берілген болатын. Жалпы Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылында наурыз айының аяғына дейін барлығы әрқайсының аумағы 1200 шаршы метрге дейін жететін 21 балалар алаңы пайдалануға тапсырылады. 

 «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау салаларында жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Оның ішінде биыл «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай бірқатар қайырымдылық жобаларының тұсауын кесу жоспарланып отыр.

Добавить комментарий