ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Жаңа кәсіпті кез-келген жаста игеруге болады

21/02/2023

Мұны Абай облысы Бесқарағай ауданы Глуховка ауылының тұрғыны, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының қатысушысы Рада Сатимованың бастан өткерген оқиғасы дәлелдеп отыр.

Жоба барысында Рада басқа қыз-келіншектермен танысып, ниеттес адамдарды жолықтырғанын айтады. Нәзік жандар өз тәжірибесімен, бағындырған белестерімен бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетуде. Бір айлық оқу барысында қатысушылар түрлі дәрістерден, топтық жұмыстар мен шеберлік шараларынан өтіп, дербес шаруаларын қалай дөңгелетіп әкетуге болатынына ден қойды. Сонымен қатар құнды кеңестер алып, жеке тұлғалық даму қырларын зерделеді.

Кейіпкеріміз шыңылтыр аяз бен ақтүтек борандарға қарамастан, оқу сабақтарын жібермеуге күш салғанына қуанады. Жұбайы да оны облыс орталығына ерінбей апарып, бес бала ер жетіп жатқан үлкен отбасы тұтастай қолдау танытты. Анасының тың мамандықты алаңсыз игеріп, көңілі бөлінбеу үшін кішкентай балалардың қасында үлкен қызы қалып отырды. Осылайша «Табысты отбасы» жобасына қатысудың арқасында 35 жастағы әйелдің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды.

«Отбасымызда әрқашан тек күйеуім жұмыс істеп, мен балаларға, үйге қарап келдім. Дегенмен, бірде маған жоба жетекшісі Лаура Берікханқызы қоңырау шалып, ұсынылған мамандықтардың біріне тегін оқуды ұсынды. Онсыз да әрқашан іштей күйеуіме қаржылай көмектесуді ойлап жүретінмін және тиісті қадамды отбасы бюджетін нығайтуға үлес қосу көкжиегі деп шештім. Нәтижесінде «Сұлулық әлемі» бағытын таңдап, кірпік ұзартуды үйрене бастадым», - дейді Рада жүріп өткен жолы туралы.

Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер 150 АЕК сомасына құрал-жабдық түрінде грант алды. Сұлулық шеберлеріне қызмет көрсету үшін қажет нәрсенің бәрі – диван, жұмыс креслосы, шам, ылғалдандырғыш және құралдарды өңдеуге арналған аппарат қамтамасыз етілді.

Қазір Рада клиенттерді үйден шықпай-ақ қабылдауда. Ол үшін бөлек бөлме қарастырылып, алғашқы кіріс те көп күттірмеді.

«Жоба ой-санамды түбегейлі өзгертті десем, қателеспеспін. Мақсат қоюды және уақытымды жоспарлауды үйрендім. Енді тұрақты табысқа жетіп, дербес студия ашуды армандаймын. Жоба авторларына өмірді жақсылыққа өзгерту мүмкіндігі, тәлімгеріміз Лаураға қолдау көрсеткені және «Samruk-Kazyna Trust» қорына білім мен ұсынған жабдықтары үшін шын жүректен алғысымды білдіремін!» - деп ағынан жарылады Рада Сатимова.

Біз, өз кезегімізде, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының барлық түлегіне мықты денсаулық пен табыс және баянды ғұмыр тілейміз!

Добавить комментарий