ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

АЛҒАШҚЫ «БЕС ҚАДАМ»…

03/02/2023

11 қаңтар күні «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылғы жұмысының қорытындысы туралы «Үміт оты» деп аталатын деректі фильм көрсетілген еді. Шараға жиналғандар сол күні ерекше әсерге бөленді. Өйткені фильмнің бас кейіпкерлері Бекарыс пен Жанарыстың қайсарлығы мен табандылығы көрерменнің көңілін тебірентті. Бекарыс пен Жанарыс егіз. Бір отбасының ұлы мен қызы. Өкініштісі дүниеге келгенде екеуіне де бір диагноз қойылды. (БЦП – церебральды сал ауруы)

«Samruk-Kazyna Trust» қорының Астана-опера театрында ұйымдастырылған шарасында сахнаға қос құлыншақ қол ұстасып қатар шықты. Ең бастысы - ешкімнің демеуінсіз, өз күш-жігерлерінің арқасында алғашқы «Бес қадамдарын» жасады.   

2014 жылы егіздерді алғаш рет оңалту орталығына анасы алып барған еді. Дәл сол сәтте Жанарыс мүлдем аяғын баса алмайтын. Өзінің өжеттігі мен алға қойған үлкен мақсаты оны алға қарай жетеледі. 

Тірек-қимыл аппараты проблемалары бар және дамуында басқа да дене кемістігі кездесетін балаларға қызмет көрсету үшін оңалту орталықтарын құру жобасына «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры бастамашылық етті. Ал «Samruk-Kazyna Trust» Қоры бұл бастаманы жан-жақты қолдады. Осылайша «Қамқорлық» деп аталатын ерте араласу орталықтары мен оңалту орталықтары құрылды. Қазір осындай орталықтар еліміздің бірнеше аймағында жұмыс істейді.   

2014 жылға қайта оралар болсақ. Бекарыс пен Жанарысты алғаш тексерген кезде реабилитолог дәрігер Айнұр Мырзаханқызы Бекарыстың өздігінше бір-екі қадам жасай алатынын, ал Жанарыс аяғына сүйенгенімен, тікесінен тік тұра алмайтынын аңғарды. Сол себепті емдеу тәсілі әрқайсысы үшін жеке-жеке өтті.

Бірнеше ай өткен соң Астанада қала күні мерекесінде Бекарыстың  салтанатты түрде тұсауы кесілді. Қуанышы қойнына сыймаған ол ақырындап жүре бастады.   

Ал Жанарыс аяққа тұру үшін 3 жыл бойы жаттығуды үзген жоқ. 3 жылдан кейін жаяу жүргіншілердің көмегімен қозғалуды үйрене бастады.  Олардың әрбір қадамы-күнделікті тынымсыз жұмыстың нәтижесі еді.

Ең бастысы екеуі де мектепке барып жүр. Білім ошағында егіздер арнайы жабдықталған парталарда оқиды. Достары да көп. Өмірге құштар қос құлыншақты қоршаған орта да өте мейірімді. Сондықтан қазір екеуі алаңсыз өсіп, өздерін жетілдіріп келеді.    

Осы жылдар аралығында егіздердің ата-анасы еңселерін түсірмеді. Емделуге, оңалтудан өтуге көп уақыт жұмсады. Мектеп пен орталықтың арасында жүгіріп жүріп балалары үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасады. Осылайша қиындық атаулыны да қатар жеңді. Бүгінгі таңда балалар көптеген мамандар мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында тиісті нәтижелерге жетті.

Бекарыс пен Жанарыстың тағы да төрт бауыры бар. Өкініштісі жақында әкелері дүниеден озды. Қазір алты баланы аналары жалғыз асырап отыр. Алайда ешкімнен ештеңе дәметкен емес. Қос перзентім жүгіріп кетсе деген арманы бар. Ал арманның ақырындап орындалып жатқанына сіз бен бізде куә болып отырмыз.

Осы көпбалалы отбасының тарихы басқаларға да үлгі болады деген үмітіміз бар. Өйткені өмірдің асау толқындарына қарсы жүзген осындай қайсар жандар мақтауға лайық.   

Добавить комментарий