«Табысты отбасы» жобасының алғашқы 114 түлегі өз ісін ашуға құрал-жабдықтар түріндегі грантқа ие болды
31/01/2023
Жетісу, Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан – аталған бес пилоттық облыстағы «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының қатысушылары сұранысқа ие кәсіптерін бастауға қажетті ноутбуктер, тігін машиналары, пештер, миксерлер, кушеткалар, мультимарок сканері секілді қажетті заттарға ие болды.
Жоба түлектері әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық бойынша бір айлық кешенді оқытудың бес бейіндік бағытында білім алды.
Жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, өңірлік еншілес компаниялар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Бұл жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға тікелей табыс табуға нақты мүмкіндік береді. Ал әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына құрал-жабдықты өтеусіз беру – өз ісін ашқысы келетіндерге елеулі қолдау екені анық», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Серғожа Қалиасқаров.
Ұлытау облысында әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік және аспаздық бойынша 14 қатысушы құрал-жабдық алса, екінші лекте 26 қатысушы қазіргі заман кәсіптерін игеруде.
«Мен Жезқазған қаласының тұрғыны, ерекше баланың анасы Бекзат Нашкенова SММ бағыты бойынша бейіндік оқудан өттім. «Табысы отбасы» мен үшін өмірдегі жаңа кезең болғанын айтқым келеді. Енді бір ай оқығаннан кейін өзіме сенімді бола бастадым, мақсатым бар. Ал біз бүгін алған жабдықтар жиынтығы отбасылық табысымды арттыруға мүмкіндік береді», – деді жоба қатысушысы.
Жетісу облысы бойынша кәсіп бастауға қажетті құрал-жабдықты 24 қатысушы иеленді (әлеуметтік желі маркетингі - 8, аспаздық - 5, тігін ісі - 5 және сұлулық салоны маманы - 6). Қазір екінші лекте 36 қатысушы білім алуда.
«Көпбалалы анамын, Жетісу облысының тұрғынымын. Осындай бірегей жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен үшін «Табысы отбасы» - бұл үйде ақша табуды бастау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар былайғы өмірде жетіспей жататын жанашырлықты сезініп, жаңа достармен кездестім»,- деп бөлісті жоба қатысушысы Айда Баймұхамбетова.
Абай облысында құрал-жабдық әлеуметтік желідегі жұмыс, аспаздық және сұлулық салондары бағыттарында 29 қатысушыға берілсе, қазір 41 қатысушы тиісті кәсіптерді меңгеруде.
«Менің аты-жөнім Әсел Бағынғалиева, көпбалалы анамын. «Табысы отбасы» жобасының арқасында кондитер болдым және тапсырыстар алып жатырмын. Бейіндік оқытудан басқа, тәлімгердің үлкен қолдауына ие болдық», - деді жоба қатысушысы.
Түркістан облысы бойынша әлеуметтік желідегі жұмыс, аспаздық және сұлулық салондары аясында кәсібіне керек заттарды 27 қатысушы иеленсе, екінші толқында 43 қатысушы көкжиегін кеңейтуде.
«Жұмыссызбын, алты баланың анасымын. Біздің облыста іске асырылудағы «Табысты отбасы» жобасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазіргі сәтте Сарыағаш ауданында әлеуметтік желідегі маркетинг мамандығын таңдап, сол бойынша курстан өттім. Өзімнің кәсібімді ашамын. Алғысым шексіз!», - деп ойымен бөлісті жобаға қатысушы Динара Қалтаева.
Ақтөбе облысы бойынша жабдықты 5 кәсіп түрінен 20 қатысушы алса, келесі кезеңде 40 қатысушы оқуға кірісті.
«Көпбалалы әкемін. «Автоэлектрик» бағыты бойынша оқудан өтіп, бүгін менің ісім үшін қажетті жабдықтар жиынтығын алдым, енді мен жұмыс істеп, өз ісімді дамыта аламын. «Табысты отбасы» мені өзгертті, өзімді тұлға ретінде дамытуға сенімділік пен ынта берді. Тәлімгерлерімізге және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына алғыс айтамын», - деді жоба қатысушысы Орынғали Қабдырахман.
Бүгінде оқудың екінші кезеңі басталып, онда 186 қатысушы білім алуда.
Естеріңізге сала кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы 2022 жылдың 1 желтоқсанында басталды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының кешенді қолдауымен іске асырылып, 200 млн теңге бөлінді. Бейіндік оқыту, тәлімгерлік қолдау, жеке тұлғалық даму және бизнес-дағдыларды дамыту бойынша тренингтерден басқа, сабақтарға белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің барлық талабын орындаған жағдайда, жобаға қатысушы өз ісін бастау үшін қажетті құрал-жабдықы тегін алады.
Добавить комментарий