ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Алматыда «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

20/12/2022

Алматы қаласындағы «Chaplin MEGA Alma-Ata» кинотеатрында «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Картинаның алғашқы көрермендері журналистер мен Алматыдағы «SOS» балалар ауылының жеткіншектері болды. 35 ерекше баланың фильмге түсу мүмкіндігін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қамтамасыз етті.

Картинаны фильмде бас рөлді сомдаған Халық әртісі Досжан Жанботаев пен режиссер Жандос Құсайынов таныстырды.

«Жамбыл атамыздың есіміне байланыстырыла айтылатын, шындыққа сәйкес келе бермейтін неше түрлі аңыз-қауесеттер, әңгімелер көбейіп кеткеніне қынжылып, ұлы ақынның шынайы образын халыққа көрсеткім келді, - деді Жандос Құсайынов. – Сол дәуірге терең бойлай отырып, нақты әрі шынайы деректерге қол жеткізу үшін тарихи-мұрағаттық құжаттарды ақтарып, ақын туралы сол дәуірдің жазушылары тарапынан жазылған кітаптарды оқып шықтым. Бірақ деректі фильм болмағандықтан, тарихи жайттардан тыс көркем дүние түсіруге құқығым бар екенін ескердім».

Фильмнің оқиғалар желісі Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды. Дәл осы кезеңде ақынның аты бүкіл Кеңес одағына дүркірей танылды. Фильмде Жамбылдың өміріне үлкен әсер еткен оқиғалар баяндалады: ақындар слеті, өлеңдерінің газеттер мен журналдарда басыла бастауы, Ораз Жандосовпен, Бауыржан Момышұлымен, Сәкен Сейфуллинмен және тағы да басқа қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлерімен  кездесуі. 

«Басты рөлді сомдайтын актерді көп іздедік. Режиссер үшін ең маңызды болғаны ол актер түр-әлпетінің ақын бейнесіне дәлме-дәл келуі. Ол үшін біз басты рөлге үміткердің фотосуретін алып, оның түрін «қартайтып» көрдік», - деді Жандос Құсайынов.

Актерлер құрамына сондай-ақ Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжіт, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин сияқты танымал актерлер кірді.

«Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи картинасының түсірілімі 2021 жылы, Қазақстан бойынша ақынның 175 жылдығы аталып өтіп жатқан кезде басталды. Фильмді түсіру ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен іске асырылды.

Картинаның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болды. Қор бастамасының арқасында 2022 жылдың көктемінде аталмыш картинаны түсірушілер балалар арасында республикалық кастинг өткізді. Кастинг кезінде қоғамның әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан және ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар кеңінен қамтылды. Келіп түскен 1200-ден астам өтініш иесі арасынан фильм авторлары 35 баланы таңдап алып, олар фильмде әртүрлі деңгейде кейіпкерлерді сомдау мүмкіндігін иеленді.

Добавить комментарий