ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Жүректен шыққан әуен жанға шипа болды

09/12/2022

Егер дала әуені жүректен шықса, онда ештеңе оны өшіре алмайды. Бұны «Замандас» отбасылық-аула клубының тәрбиеленушісі Айтуған Әнуар дәлелдеп отыр.

19 жастағы Айтуған бүгінде домбыраның құлағында ойнап, көмейінен күмбірлеген күй төгілтуде. Ал бұл ағзасының дамуында күрделі кінәрат бар адамдар үшін сирек кездесетін жағдай.

Бірнеше жыл бұрын ол әкесімен бірге Қазақстанға Қытайдан келген. Өкінішке қарай, анасы мен әпкесі шекарадан өте алмай қалып, аурудан әлсіреген баласымен бірге әкесі атамекенге табанын тигізген. Қазір олар мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақыға Қоянды кентіндегі жалдамалы үйде жан бағуда.

Елге алғаш келген жылдары әкесі Айтуғанға көмек берілетіндігі туралы еш білмеген. Алайда баланың мүгедектігі расталған соң олар оңалту орталықтарына жүгінген, бірақ әр іс-қимыл, жүріс-тұрыс онсыз да әлсіз денені қажытып жіберген.

«Замандас» отбасылық клубының оқытушысы Жанар Рамазанова ұлымның қабілетін байқап, онымен байыпты да сабырлы күйде айналысты. Міне соның арқасында перзентім аш қалмай, өздігінен күн көруге мұрша беретін өнерді игерді. Айтуған отбасылық отырыстарда жиналған жұртты тәнті етіп, көршілері мен туыстардан жылы лебіздер естуде, бәрі арқасына қағуда. Өзімнің де кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Аллаға мың да бір шүкір деймін осындай мүмкіндік үшін», - дейді ағынан жарылған кейіпкеріміздің қамқоршы асқар тау тұлғасы.

Айтуған 4 жыл бойы аптасына екі рет, кез келген ауа райында Қоянды кентінен Қошқарбаев көшесіндегі клуб ғимаратына алып-ұшып жетеді. Екі бүйрексіз ағза астың 20-25%-ын ғана сіңіріп, артық ауыртпалық жанды қинағанымен, музыка саласында бағынған белестер сырқат жастың бойына тыңнан күш бітіріп, жаңа асуларға жігерлендіруде. Қазір ол қарапайым тұрмыс тіршілігіне араласып, ақырындап өз киімін кие алады.

 «Айтуған музыка әлеміне өте жақын, есту қабілеті тамаша, ән ырғағын жақсы сезінеді. Бірақ денсаулығына байланысты ұзақ уақыт жұмыс істей алмайтынын түсінеміз. Мен онымен музыканы өзге дүниелермен салыстыра, жақындарының есімдеріне немесе өмір сәттеріне байланыстыра отырып шұғылданамын, әуендерді біртіндеп үйретемін. Осының өзі біз үшін үлкен жеңіс!» - дейді «Замандас» клубының педагогы Жанар Рамазанова.

«Замандас» отбасылық-аулалық клубтары «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен қызмет етеді. Жобаның мақсаты - халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау. Нәтижесінде жылына 3500-ге жуық бала Астана қаласындағы «Замандас 21» қорының тегін спорт және шығармашылық үйірмелеріне барып жүр.

Добавить комментарий