Елбасы қоры жас өнертапқыштарды марапаттады
25/10/2019
Назарбаев орталығында республикалық «Nazarbayev Fund Schools Challenge», «Шапағат» конкурстарының және оқушылар арасында өткен «Болашақ өз қолыңда: ойлап тап та, жарыққа шығар» тақырыбындағы эссе конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Конкурстар жас өнертапқыштарды анықтауға, оларға қолдау көрсетуге және талантты жастардың жаңа идеяларын ынталандыруға бағытталған. Шараны ҚР Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қорымен және «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-мен және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Nazarbayev Fund Schools Challenge» - оқушылар арасында өтетін зияткерлік сайыс. Ол оқушылардың инженерлік-техникалық саладағы білімдерін жетілдіруге, көлік саласында зияткерлік қызмет өнімдерін жасауға деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталған.
Бұл конкурсқа биыл Қазақстанның түрлі өңірлерінен 100 үздік команда қатысқанын естеріңізге саламыз. Олардың 17-сі финалға жетті және ұшақтардың ұшу тиімділігін арттыруға арналған дизайнерлік, технологиялық идеяларын ұсынды. Олардың ішінен тек екеуі, яғни Павлодар облысынан келген «Single wave» және Ақмола облысынан келген «Aviators» командалары ғана конкурс жеңімпаздары атанды.
Оларға ең басты жүлде - Крэнфилд (Ұлыбритания) университетіне бір аптаға оқу-танымдық сапар шегу бақыты бұйырды. Бұл - аэрокосмостық жобалау және «жасыл» технологияны дамыту саласында әлемдегі жетекші орын алатын оқу орны.
Жүзеге асырылып жатқан жастар конкурстарының маңыздылығын атай келе, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы құттықтау сөзінде: «Елбасы қоры жастардың жаңашыл қабілеттерін дамытуға, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуеттерінің ашылуына жағдай жасауға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Тек «Nazarbayev Fund Schools Challenge» конкурсының арқасында ғана жыл сайын республикамыздың түрлі өңірінен өздерін техникалық салада, нақты ғылымдарда және жаратылыстану ғылымдарында көрсететін жүздеген талантты жастар анықталады» деп атап көрсетті».
«Шапағат» конкурсында қатысушылар патенттелген өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіп үлгілеріне арналған өз бейнероликтерін ұсынды. Осы конкурстың 10 өнертапқышы жеңімпаз деп танылды. Бұл ауылшаруашылығы, медицина, жеңіл өнеркәсіп және т.б. салаларда өз өнертабыстарын ұсынған талантты жастар. «Сіздер байқауға қатыса отыра, инвестициялық серіктестерді табу мүмкіндігіне ие боласыздар. Ал инвесторлар осы алаңда өздерінің инвестицияларын сала алатын өнертабыстарды немесе жобаларды таба алады. Сіздерге өз жетістіктеріңізбен шабыттануларыңызды, үлкен арман мен өмірлік мақсаттарға жету жолында үздіксіз дамуға тілектеспін», - деді ҚР Әділет вице-министрі Наталья Пан.
Назарбаев орталығында жеңімпаздары марапатталған үшінші конкурс оқушылар арасында өткізілген «Болашақ өз қолыңда: ойлап тап та, жарыққа шығар» атты үздік эссе конкурсы.
Ол зияткерлік меншік саласындағы білімді танымал етуге, оқушылар арасында шығармашылық белсенділікті ынталандыруға бағытталған. Байқауға 8-11 сынып оқушылары қатысты. Қазақстан атынан байқауға қатысуға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде 260-ден астам эссе берілді.
Сонымен қатар, "Болашаққа көзқарас" атты Еуразиялық патенттік Универсиаданың қазақстандық жеңімпаздары марапатталды және В. И. Блинников атындағы «Өнертапқыштық және патенттік іске қосқан үлесі үшін» алтын медалі табыс етілді.
Добавить комментарий