«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 3 мыңға жуық бала қамтылып отыр.

Бүгін Астана, Ақтөбе және Семей қалаларындағы мектептерде компаниялар тобының Жастар кеңесінің өкілдері балаларға арналған «Инклюзия күні» аясында танымдық-дамытушылық шеберлік сабақтарын өткізді.

Шара барысында қызметкерлер балаларға ұсақ моториканы, логикалық ойлауды, зейін мен есте сақтау қабілетін, сондай-ақ қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға арналған ойындар мен тапсырмаларды ұсынды. Балалар тапсырмаларды ойын түрінде орындап, бір-бірімен өзара әрекеттесіп, бірге шешімдер іздеді.

«Инклюзия күні» шарасы «Самұрық-Қазына» қорының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Самұрықнама: 20 игі іс» бастамасы аясында өтті.