2026 жылғы 13 қазанда Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында қарағай көшеттерін отырғызуға арналған экологиялық акция өтті. Оған өңірлік «Jas Samruk» ұйымының белсенділері мен «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларының қызметкерлері қатысты.

Бастама «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – орман алқаптарын қалпына келтіру, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және табиғи ресурстарды сақтау.

Жоба аясында 450 гектар аумақтағы орман алқабын қалпына келтіру жоспарланған. Осылайша «Ертіс орманы» резерваты 2 миллион қарағай көшетімен толықты. Жұмыстар өткен жылдары өрттен зардап шеккен аумақтарда жүргізілді. Орман жамылғысын қалпына келтіру шаңды дауылдар мен топырақ эрозиясының қаупін азайтып, өңір экожүйесін сақтауға ықпал етеді. Отырғызылғаннан кейін орман дақылдарына күтім жасалып, олардың жерсіну деңгейі тұрақты бақылауға алынады.

Орман алқаптарын қалпына келтірумен қатар, жоба аясында орман өрт сөндіру станцияларын модульдік ангарлармен жабдықтау көзделген. Бұл орман қорын қорғау инфрақұрылымын нығайтып, орман өрттерінің алдын алу және оларды жоюға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Осындай жұмыстар Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында да жүргізілуде. Мұнда 762 гектар алқапқа 3 миллион қарағай көшеті отырғызылып жатыр.

Айта кету керек, екі резерватта көктемде 2,5 млн көшет отырғызылған еді, күзгі маусымда тағы соншасы егілді. Осылайша Павлодар және Абай облыстарындағы екі экологиялық жоба аясында жалпы саны 5 миллион қарағай көшеті отырғызылды.