Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар Петропавл қаласында заманауи технологияларды қолдана отырып, оңалту курсынан өте алады.
Қор қолдауымен «Арман» балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге және жеке оңалту мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектесетін арнайы жабдықтар берілді.
Жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Орталыққа екі түрлі жабдық жеткізілді: «Корвит» тірек жүктемесін имитациялау аппараты және қол мен саусақтардың функцияларын қалпына келтіруге арналған роботтандырылған қолғаптар.

«Корвит» аппараты нейрореабилитацияда табанның табиғи тірек реакцияларын модельдеу және мидың қозғалыс орталықтарын ынталандыру үшін қолданылады. Роботтандырылған қолғаптар қол мен саусақтардың қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге көмектеседі. Жаңа жабдық балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту процедураларының түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Арнайы көмек орталық базасында көрсетіледі. Мұнда педиатр дәрігер, медициналық мейіргерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, логопед, психолог және әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманнан құралған пәнаралық команда жұмыс істейді. Жоба аясында 12–14 баланы қамту жоспарланған.

Жеткізілетін жабдықтың жалпы құны – 11,6 млн теңге. Қазіргі уақытта жабдық орталыққа жеткізіліп, оңалту жұмыстарына қолданылып жатыр.
2016–2026 жылдар аралығында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 5,2 млрд теңгені құрайтын 9 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бастамалар денсаулық сақтау, білім беру, спорт, әлеуметтік кәсіпкерлік, өңірлік даму және креативті индустрия салаларын қамтыды.
Маңызды жобалардың бірі – Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталық базасында 2024 жылғы ақпанда ашылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығы. Мұнда туғаннан үш жасқа дейінгі дамуында ауытқу қаупі бар 600 бала тегін диагностикадан өтіп, оңалту көмегін алады.
2024 жылғы қазанда Петропавлда Qyzyljar Creative Center ашылды. Аумағы 2 000 шаршы метрді құрайтын орталықта дизайн, IT, медиа, сән, хореография және басқа да креативті бағыттарды дамытуға арналған тоғыз тақырыптық аймақ орналасқан.
Бұқаралық спортты дамытуға 2022 жылы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында ашылған спорт кешені де үлес қосып келеді. Мұнда балалар мен ересектер бокс, күрес, баскетбол, волейбол және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады.
Осы кезеңде қордың өңірдегі әлеуметтік бастамаларымен 169 419 адам қамтылды. Олар жаңа әлеуметтік, спорттық, білім беру және басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізді.
Биыл Петропавлда инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Аумағы 3,5 мың шаршы метрден асатын орталықта жаттығу және әмбебап спорт залдары, жекпе-жек залдары, төрт жолақты бассейн және заманауи спорт жабдықтары болады.